Жүгіру кезінде дұрыс тыныс алу өте маңызды. Жүгіруді жаңа бастап жүргендер үшін бұл оңай емес. Суық күндегі суық ауа құдды бір тамағың мен өкпеңді күйдіріп бара жатқандай болады. Бұл – ауа райына қарамай, қыс-жаз демей, ерте-кеш демей жүгіретін жандарға таныс сезім. Олай болса, қыстыгүні жалықпай жүгіріп және содан ләззат алу үшін не істеу керек? Біз сіздерге киіну және дұрыс тыныс алудың жолдарын ұсынамыз.
♦ Суық туралы түсінік
Суық ауа тамағымызды қарлықтырғанда, ең бірінші, «тамағыма салқын тигізіп, тұмауратып қалмасам екен» дейтін ойдың келетініні анық. Тіпті, «өкпеме суық тиіп қалмай ма?» деген ойдың да он оралатыны жасырын емес. Бірақ, естеріңізде болсын, тыныс алу жолдарынан кірген ауа сіздің өкпеңізге жеткенше жылынып келеді. Сыртта ауа райы қанша суық болса да, тамағымызға жеткен ауа температурасы – орта есеппен 37°C болады. Ендеше, өкпеміздің өртеніп кетердей болуына не себеп? Оның себебі қарапайым, өкпеңіздің «өртенетіні» ауаның суықтығынан емес, оның құрғақтығынан. Мысалы, шөл далада жүгірсеңіз, өкпеңіз қыста жүгіргендегідей күй кешеді.
♦ Өкпемізді қалай қорғаймыз?
Суық ауа райында жүгіргенде тыныс алуды жеңілдетудің бірнеше тәсілі бар.
Алғашқы әрі қарапайым тәсіл — бетіңізді мойынорағышпен қымтап алыңыз. Бұл демалғанда бу күйінде шығатын ауаның тысқа толығымен шығуына тосқауыл болып, іштегі ылғалдылықтың тепе-теңдігін сақтайды. Нәтижесінде, ішке жұтылған ауа анау айтқандай құрғақ болмайды. Егер, ауа райы тым суық болса, онда арнайы балаклаваны (бас киім) киюге болады. Ол сізді сақылдаған сары аяздан қорғайды.
Тағы да бір маңызды кеңестердің бірі, ағзаңыздағы судың көлемін сақтай біліңіз. «Сары аязда су ішкені – несі?» деуіңіз мүмкін. Иә, далада аптап ыстық болып, басымызды күн шалмаса, су ішкіміз келмейтіні рас. Дегенмен, ауа райы қандай болса да жаттығу кезіндегі адам организмі су қалап тұрады. Мұны ескермеген жолдастарымыз жүгірер алдында «суық күнде су не керек?» деп тегін суды сөмкеге салып алмай, артынша ауру жамап алып жатады. Сондықтан да, ауа райына бағынышты болмай, күнделікті қабылдауға қажетті су көлемін еш азайтпаңыз. Ал жаттығу күндері, керісінше, үдете түсіңіз.
Және соңғы айтарымыз — ақырын демалуға тырысыңыз. Тыныс алғанда да, тыныс шығарғанда да деміңізді бірқалыпты ұстаңыз. Жылдам әрі қысқа дем алып, шығармаңыз. Мұндай кенеттен кірген ауа ағыны тамағыңыздың ауыртып, онсыз да өртенген өкпеңізге кері әсерін беруі мүмкін. Негізінде, ішке демді мұрын арқылы алып, шығарғанда ауызыңыздан шығарғаныңыз дұрыс. Себебі, мұрын суық ауаны жылытып әрі ылғалдандырады.
Егер мұрынмен дем алуда қандай да бір қиындықтар болса (денсаулығыңызға байланысты), онда мұрынмен және ауызбен қатар дем алуға болады. Тіліңіздің ұшын таңдайыңызға қарай бүгіп демалсаңыз, ауа тез жылынып, жеңіл тыныс алуға септігін тигізеді. Мұндай кезде бөкебай тақпауға да болады.
Және тағы бір келеңсіз жайт – бетке соққан суық жел. Көптеген спортшылардың айтуы бойынша, мұндай жағдайға жел соғып тұрған бағытқа қарай, яғни, желмен жарыса жүгірген дұрыс. Тек жүгіргендегі жылдамдығыңыз бен қашықтығыңызды ескерсеңіз болғаны. Бетіңізді тоңдырып, желден тоңған көздеріңізді уқалағаннан гөрі, желмен жарыса жүгіргеніңіз тиімді.
Бұл кеңестер сіздерге суық күнде дұрыс жүгіруге көмектеседі деген ойдамыз. Өз әдістеріңізбен де бөлісе отырыңыздар!
Сурет: redfoxadventure.com, runners.ru, gesundleben.ch
Оқи отырыңыз:
1. Дене бұлшық етін ешқандай жаттығусыз қалай шығаруға болады?
2. Бұзақыдан қорғанудың оңай әдісі
3. Өзін-өзі қорғау сабақтары. Крав-мага
4. Бұзақыдан қорғанудың бір әдісі