Жүгіру кезінде ескеру қажет қағидалар

Жүгіру-денсаулықты нығайтудың, сымбатты дене қалыптастырудың және көңіл-күйіңізді көтеріңкі болуының жақсы жолы. Алайда, жүгірумен жау емес, дос болу үшін онымен дұрыс айналысудың жолын білуіңіз керек дейді Doctorpiter.ru мамандары. Дәрігерлер қандай кеңес береді? Massaget.kz тілшісі шолу жасап көрді.

Егер сіз, өзіңізді артқа тартар жалқаулық және артық салмақ сияқты мәселерден арылғыңыз келіп, ыңғайлы аяқ киім сайлап дайын отырсаңыз, асықпаңыз. Өйткені, мейлі ол тек жүгіру болсын кез-келген спорт түрінде ескеру керек қағидаттар бар.

Ең бірінші "Маған бұл не үшін керек?" деген сұраққа жауап беріңіз

Бұл сұраққа жауап сізге дұрыс мотивация алуда ғана емес, сонымен қатар жаттығуларыңызды дұрыс жоспарлауда да маңызды. Мысалы, денсаулықты сақтау үшін жүгіру өте тиімді әрі қолайлы. Бұл жүрек-қан тамырлары мен жүйке жүйесінің жағдайын жақсартады, өнімділікке және иммунитетті нығайтуға оң әсер етеді.

 

Десе де "артық салмақ тастаймын деп бірден жүгіре кету, қателік", - дейді дәрігерлер.

Өйткені артық салмағы бар адам ағзасы калорияларды белсенді тұтынуға үйренбегендіктен, ол тез арада энергия жетіспеушілігін толтырғысы келеді екен. Нәтижесінде жаттығудан кейін сіз бұрынғыдан да көп тамақ тұтына бастайсыз.

Сонымен қатар, жүгіру кезінде  артық дене салмақ кесірінен тізеге тым көп күш түсіп, аяқ сүйектерінің сынуына да алып келуі әбден мүмкін. Сол себепті дұрыс және тиімді жаттығу үшін және қажетті нәтижелерге қол жеткізу мақсатында алдын-ала дәрігермен кеңескен жөн дейді мамандар.

Артық салмақ бір күнде кете қоймайды

Дәрігерлер, бұған дейін мүлде спортпен айналыспаған адамдардың "Дүйсенбіден бастап, бірден жүгіріп кетемін", - деуін қателік дейді. Өйткені бұндай жандар өз шамасын бағамдамай организмге артық күш тастап құртады екен.

Мамандар осы тұста арба да сынып, өгіз де өлмейтіндей мынадай кеңестерін ұсынады:

  • Күніне жеткілікті мөлшерде, кем дегенде 10 мың қадам жасаңыз. Денеңіз оған үйренгеннен кейін, белсенділік пен жүктемені біртіндеп арттырыңыз.
  • Екі минуттық баяу жүгіруді екі минуттық жаяу жүрумен алмастырыңыз.
  • Жүгіруді бастамас бұрын міндетті түрде қыздырыныңыз. Жарақат қаупін азайту және жаттығудың тиімділігін арттыру үшін бұлшықеттер мен сіңірлеріңізді созу үшін кейбір жаттығуларды орындаңыз.
  • Жүгіру алдында денеңізде жаттығуға жеткілікті қуат болуы үшін жеңіл тамақ ішу де маңызды.
  • Шырын немесе газды сусын емес, жеткілікті мөлшерде қарапайым суды ішіңіз.
  • Жаттығуға қолайлы спорттық аяқ киімді таңдауды ұмытпаңыз.

Дәрігер сонымен қатар жүгіру кезінде организмнің кез-келген белгісіне мұқият назар аударуды ұсынады. Егер бойды шаршаңқылық не  ауырсыну басса, тоқтап, үзіліс жасау керек. Мамандар ауырсынуды немесе ыңғайсыздықты елемеу жарақатқа әкелуі мүмкін екенін ескертеді.