Өзінің денсаулығы, сырт пішіні, салауатты өмір салты туралы ойланбайтын жан жоқтың қасы. Алайда ойлау бар да, ойды жүзеге асыру бар. Мүсініңіз бен денсаулығыңыздың жанашыры ретінде фитнеске бару қадамын бастасаңыз, ескерер ережелер бар. Фитнеске барған бірінші күн де оқу орнындағы, жұмыстағы алғашқы күн секілді есте қалады.
Не киемін?
Қай жерге барсаңыз да, алдымен өзіңізге, одан соң өзгелерге деген құрметіңіз киген киіміңізден көрінеді. Солай екен деп соңғы үлгімен тігілген спорттық киім іздеп шарқ ұрудың қажеті шамалы. Онда адамдар бір-бірін сынау үшін емес, жаттығу үшін барады. Өзіңізге ыңғайлы кроссовка, шалбар, футболка болса жеткілікті.
Неден бастаймын?
Алдымен мақсатыңызды айқындап алыңыз. Кей адамдар бірінші шынығып, денені қатайту қажет, содан соң артық майдан арыламын деп ойлайды. Бұл – жаңсақ пікір. Ол жаңа бастағандарға емес, кәсіби спортшыларға арналған қағида.
Мәселе мынада, денедегі артық май тамыр соғысының жиілігіне байланысты. Жүректің соғысын өлшейтін мынадай формула бар: 220 қағыстан жас мөлшеріңізді азайтасыз. Мысалы 220 – 23 (жасыңыз) = 197. Жүрек қағысының жиілігі минутына 197-ден аспауы тиіс. Егер одан жиі соқса, денсаулыққа қауіп төнеді.
Майды ыдыратудың ең тиімді тәсілі – жүрекке күш түсіретін жаттығулармен айналысу. Оған жүгіру, жүру, степ-жаттығу, веложаттығу түрлерін жатқызамыз. Мейлінше екпінді, жылдам қозғалып, бірнеше минут кідіріссіз жаттығыңыз.
Қанша уақыт?
Фитнес залына кірген бетте жаттығуды жүгіретін жолда бастаған жөн. Алдымен 15 минут ақырын жүріп, бірте-бірте 6 минут, 10 минут... деп жүріс жылдамдығын көбейтіңіз. Денеңіз қызған соң 30 минут жүгіріңіз.
Жаныңызда тұрған адаммен жарысамын деп әуре болмаңыз. Оның деңгейі сізбен тең емес. Жылдам жүріс кезінде тамыр соғысы 100-120-дан асып кетсе, жай жүріңіз. 2 минут жүгіргенге қарағанда, 20 минут жүрген артық.
Ал негізінен фитнеске енді барып бастаған адам күнарадан не аптасына 2-3 рет қана барғаны жөн. Бастысы, араға ұзақ уақыт салмай, жүйелі түрде айналысу шарт. Бір уақыт жіберіп алсаңыз, екі күн артқа кеткенмен тең.
Нәтижесі қашан?
Бір күн не бір апта жаттыға сала өзгермейтін таразы тіліне өкпелеудің қажеті жоқ. Дәріні іше сала аурудан айығып кеткіміз келеді. Бұл мүмкін емес. Тұрақты жаттығу нәтижесі де бірер айдан соң көрінеді. Оған дейін талмай шыныға беріңіз. Іске сәт!