- Негізгі бет
- Спортзал
- Бүйіріміз жүгіргенде шаншымау...
Бүйіріміз жүгіргенде шаншымау үшін
Жүгіру кезінде бүйір тұсымыздың шаншуының негізгі себептерінің бірі - жаттығу алдында тойып тамақтану. Кейде, тіпті, орта мөлшерде тамақ ішсеңіз де, тамақтанған уақыттан кейін бірден жаттығу жасасақ, бүйірімізге ине сұғып алғандай күй кешіп жатамыз. Осы бүйір шаншуын қалай алдын аламыз? Бұл жағдайда қандай амал қолдану керек? Міне, бүгінгі жазбамыздан осы сауалдардың жауабын ала аласыздар.
№ 1 Жаттығу алдындағы дұрыс тамақтануды қадағалау
Бұл мәселенің көптеген себебі бар. Соның басты себептеріне жеке-жеке тоқталайық.
Қай уақытта?
Жаттығу алдында тойып тамақ ішсеңіз, міндетті түрде оң жақ бүйіріңіз шаншиды. Сондықтан, күн тәртібіне бағынып, жоспар бойынша жаттығуға дейін «ас қорытылып болады-ау» деген уақытпен тамақтаныңыз.
Қандай тамақ?
Тіпті, жаттығу алдындағы тамақтану қағидаларын қатаң сақтап, асты екі сағат бұрын ішсеңіз де, бүйіріңіз тоқтамай шаншуы мүмкін. Бұл енді сіз қандай ас жедіңіз, сонымен тікелей байланысты. Яғни, құрамында майы көп, ауыр тағамдар жеңіл тағамдарға қарағанда, асқазанды қорытуға күші жетпей, ішкен асыңыз уақытында сіңбейді. Әр адамның ағзасы, тамақ қорытылуы әртүрлі болғандықтан, өз-өзіңізге бірнеше тәжірибе жасап көріңіз. Сіздің асқазаныңыздың ішкен асыңызды қанша уақытта қорытатынын өз тәжірибеңіз арқылы біліп алғаныңыз жөн.
№ 2 Жүгірудің алғашқы қарқынына назар аудару
Жүгіруді жаңа әдетке айналдырып жүргендердің ең көп қателесетін тұсы – осы. Яғни, алғаш жүгіргенде бір қалыппен баяу бастамай, бірден жылдам жүгіріп, бес минутқа жетпей бүйір тұсы шанши бастайды. Бұл жолғы себеп артық тамақ емес, дұрыс тыныс алып, дұрыс дем шығармауыңызда. Оған қоса, «қарқынымды үдетемін» деп жүргенде, өкпе тұсыңыз да ашып жатады. Осы ретте №3 тәсілі көмекке келеді.
№ 3 Тынысыңызды тұрақтандырыңыз
Бұндай жағдайда суға жүзушілерді мысалға келтірейік. Олар қимыл-қозғалысымен бірге тыныс алуды да қатар алып жүреді. Суға жүзушілер тек беттері су бетіне шыққан кезде ғана демалады, сондықтан олар жаттығу кезінде көп уақыттарын дұрыс тыныс алуға арнайды. Ал жүгірушілер бұл жағдайда не істеуі керек? Әрине, әр қадамыңыздың жиілігіне қарай ауаны белгілі бір тәсілдермен жұтып, шығарып отырыңыз. Мысалы, төрт адым сайын тыныстап жүгіріңіз. Қарқыныңыз артқан кезде, тыныс алуыңыз да жиілей түссін. Қозғалысыңыз уақыт жағынан сәйкес келіп жатса, бүйіріңіздегі түйілу жойылып, керісінше, бұлшық еттеріңіз оттегімен қоректеніп отырады. Оған қоса, жүгіруде де жақсы нәтиже көрсетесіз.
№ 4 Баяулаңыз да, терең тыныс алыңыз
Ұзақ жүгіргеннен кейін, бүйір тұсыңыз шаншып ауырса, жаймен жылдамдығыңызды баяулатыңыз. Терең тыныс алыңыз. Бұл жолы сыртқа шығарған деміңіз (ауырған тұсыңызға қарама-қарсы) аяғыңыздың жерге тиген соққысына дәл келуі керек. Әр қадам сайын дем шығару керек деген сөз емес. Екі-үш қадам сайын осылай тыныстауыңыз жеткілікті. Бастысы аяғыңыздың соққысы мен тынысыңыз қатар келсе болғаны. Бұл шаншу қандай себептерден туады? Біз тыныс шығарған кезде, бауырымыздың бұлшық еттері тікелей қызмет атқарады. Егер бауырдың қызметі аяқтың жерге тиген соққысымен дәл келіп отырса, денеміз арқылы тараған күш бауырымызды қозғап, бүйір тұсымыз түйіле бастайды. Мысалы, сіздің сол жақ бүйіріңіз шаншыды делік. Осы сәтте сіз жылдамдығыңызды баяулатып, жай жүгіріп, оң аяғыңызды жерге тигізер кезде терең дем шығарыңыз. Оң аяғыңыз жерге тиген кезде, салмақ шаншымаған оң жақ бүйіріңізге түседі. Ал түйіліп, шаншып, мазаңызды алған сол тұсыңыз сәл де болса демалып, шаншу тарқап кетеді.
Оқи отырыңыз:
1. Қыстыгүні жүгіргенде қалай тыныс алу керек?
2. Дене бұлшық етін ешқандай жаттығусыз қалай шығаруға болады?
3. Өзін-өзі қорғау сабақтары. Крав-мага
4. Бұзақыдан қорғанудың бір әдісі
Сурет: clear.co.id
Е. Жұмабайұлы