- Негізгі бет
- Спортзал
- Бозбала әскерге жарамсыз...
Бозбала әскерге жарамсыз
Біз әр баланың ағзасының шыныққанын, денінің сау болғанын қалаймыз. Бірақ керісінше, мұғалім баланы дене шынықтыру сабағынан босатады. Компьютерлік ойынмен әуестенген баланы тыятын ата-аналар өте аз. Бұған шамадан тыс оқу жүктемесін қосайық. Соның нәтижесінде денесі толып кеткен бала көбейді.
Қазіргі таңда мектеп оқушыларының 75 пайызы гиподинамиядан (дене қозғалысының күрт азаюынан ағза қызметінің бұзылуы) зиян шегуде. Дәрігерлер тірек-қозғалыс аппараты ауруының күрт өсіп кеткенін айтып, дабыл қағып жатыр. Қорқыныштысы сол, соңғы 2 жылда сколиозбен ауыратындар саны екі есеге дейін артқан (2014 жылы – 100 мың адамға шыққанда — 409,3, 2015 жылы – 879,3 адам).
Қатты алаңдататыны, әрбір бесінші оқушы қандай да бір дертпен ауырады. Әскерге шақырылғандардың әрбір үшіншісінің денсаулығы жарамсыз. Ел басшылығы 2020 жылға қарай дене шынықтыру және спортпен шұғылданатындар санын 30 пайызға жеткізуге міндет жүктеді. Бірақ осы тұста бір сауалдың басы қылтиып тұр: статистикалық есеп қалай жүргізіледі? Бұқараны спортпен қамтудың пайызы қандай әдістемеге негізделіп есептеледі? Мысалы, жәй ғана күнде дене жаттығуын жасайтын үлкендердің үлесі қалай есептелгені түсініксіз. Құзырлы министрлік 2012 жылы бұл көрсеткіш – 35,5 пайыз, 2015 жылы – 39,4 пайыз деп жазыпты. Салыстыру үшін, Голландияны мысалға алайық. Осы елде 16 млн адам тұратын болса, тіркелген велосипедшінің саны – 17 миллионды құрайды. Ал Германияда әр демалыс күндері 80 мыңға жуық футбол ойыны өтіп, оны миллиондаған адам тамашалайды.
Спорт нысанының халыққа қолжетімділігі де көңіл көншітпейді. Мысалы, елімізде қазір 35 783 спорттық ғимарат бар. Соның 64 пайызға жуығы ауылда. Спорт нысаны өте аз облыстардың қатарына Маңғыстау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан жатады. Солтүстікте басқа өңірде қаржы бөлініп, іске асырылған «Бұқаралық спортты және ұлттық спорт түрлерін қолдау» бағдарламасына 4 жылдан бері бір тыйын да бөлінбеген. Еліміздегі 2100 нысан жекеменшіктің қолында. Бұл – дене шынықтыру және спорт мақсатындағы нысанның 22 пайызы. Нысанның халыққа қолжетімділігі де мәз емес. Мысалы, бізде бір жүзу бассейніне 16 743 адамнан келсе, Ресейдегі бұл көрсеткіш – 8 938, АҚШ-та – 38. Қазақстанда бір футбол алаңына 15 799 адамнан есептелсе, Ресейде – 3959, Германияда 667 адамнан келеді. Еліміздегі спорттық нысанның 73 пайызы білім беру ұйымына тиесілі, соның 26 пайызы ғана үлкендерге қолжетімді.
Десек те, халықтың денсаулығына қоғамның назары ауып, бұл бағытта бірқатар ілгерлеушілік барын мойындауымыз керек. Нақты шаралардың нәтижесі жоқ емес. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы 3 жылда отандастарымыз арасында шылым шегу, ішімдік ішу сияқты жаман әдетпен әуестену айтарлықтай азайған. Мәдениет және спорт министрлігі есептеуінше, халықтың 26,3 пайызы жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен айналысады екен. Бірақ 4 облыс (Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола) мақсатты меженің 25 пайызын да қамти алмаған. Меніңше, жоғарыдағы түйткілді мәселелерді шешу үшін бұқаралық спортты дамытудың іс-қимыл жоспарын жасауымыз керек.
Автор: Гүлнар Ықсанова
Дереккөз: Жас Қазақ
Y. Almabek