Виртуалды дүкеннің пайдасы мен зияны

Виртуалды дүкеннің пайдасы мен зияны

Интернет-дүкен. Онымен қолданған қаншалықты тиімді? Мұндай сұрақтың туындауының басты себебі интернет-дүкендердің бүгінде кеңінен танымал бола бастауы. Адамдар аталған дүкендерде сувенир, техника, киім, қандай да бір бөлшектерден бастап, азық-түлікке дейін тапсырыс беріп жатады. Мұндай дүкендердің күнделікті кіріп жүрген дүкендерге қарағанда артықшылықтары көп, бірақ кемшіліктері де аз емес. Сонымен, олардың пайдасы мен зиянына толығырақ тоқтала кетсек...

Біріншіден, виртуалды дүкеннен ұнаған тауарды үйде отырып-ақ сатып алуға болады. Түрлі супермаркеттерге, сауда орталықтарына барудың, уақыт пен күш жұмсаудың қажеті жоқ. Кейде тіпті біршама дүкенді аралап шыққанымен, қалаған затты таба алмайтын сәттер болып жатады. Ал интернет-дүкенде бәрі оңай – монитор алдында еш қиналмай затты түрлі ракурстан қарап, қалағаныңызды таңдай аласыз.

Екіншіден, сатып алған затты үйге немесе алуға ыңғайлы болған мекен-жайға жеткізіп салу қызметі бар.

Үшіншіден, тиімді баға. Сауда орталықтарында көрген дәл сол затты немесе соған ұқсасын анағұрлым арзан бағаға иемдену мүмкіндігі бар. Мұның себебін түсіндіру қиын емес – тауар дүкенге көптеген делдал арқылы жетеді, сәйкесінше баға да әр делдандан өткен сайын қымбаттап отырады. Ал интернет арқылы тапсырыс берер болса, тауар тікелей қойманың өзінен жеткізіледі және үстем баға тек жолдауға ғана қосылады. Тағы айта кетерлік артықшылығы, сатып аларда алдымен тауар, сосын барып төлемақы жасалады. Сатып алу процесі мынадай: сатып алушы тапсырыс береді және сол тапсырысты курьер үйге жеткізіп, тауарға көңіліңіз толса ғана төлемақы жасайсыз. Бірақ егер зат сайттағы сипаттамасына сай келмесе, тауар ақаулы болса не болмаса жай ғана ұнамай қалса одан бас тартуға да болады. Алайда бас тарту үшін сол дүкенге тапсырыс берерде белгілі бір сомада алдын ала төлемақы жасау қажет.

Енді осындай дүкендердің назар аудармауға болмайтын кемшіліктеріне келіп тоқтасақ

Ең басты кемшілігі ретінде тауарды жеткізудің тым ұзақ уақыт алатындығын айтуға болады. Барлық жерде максималды жеткізу мерзімі 45 тәулікке созылады және сол мерзім өтпегенше тапсырыс берушінің шағым айтуға еш құқығы жоқ. Маусым кезінде мәселен, Жаңа жыл мейрамы (себебі бұл мереке әлемдік деңгейде атап өтілетіндіктен) қарсаңында аталған мерзім 60 күнге дейін созылуы мүмкін. Тапсырысты мерзімінен бұрын да алып қалуға болады, бірақ оған қатты сенім артпаған жөн. Тағы бір кемшілік – тауарға қаншалықты зер салып қарағанмен, ойдағыдай болып шықпау мүмкіндігі бар. Бұл әсіресе киімге қатысты. Ұнатқан киімді көзбен көргенде суреттегідей болмай жататын кездер бар. Үшіншіден, айлап күткен тауар жоғалып кетуі де мүмкін. Мұндай жағдайда дүкен ақшаны қайтаратыны немесе тапсырысты қайта жолдайтыны сөзсіз, бірақ қаншама уақыт пен тозған жүйкені кім қайтара?

Енді интернет-дүкенде затқа қалай дұрыс тапсырыс беру керектігі жайлы сөз қозғасақ.

1. Ең дұрысы танымал ресурстарда тапсырыс берген абзал. Олар да 100 пайыздық қызмет көрсетуге кепілдік бермейді, дей тұрғанмен, сәтсіз сауда жасау ықтималдылығы төмендейді, ал алдап кету мүмкіндігі нөлге теңеледі.

2. Ұсақ заттарды бір-бірлеп сатып алмаңыз. Жолдаманың көлемі шағын болған сайын, оның жолда жоғалып кету ықтималдылығы арта түседі.

3. Дүкен таңдау кезінде төлемақы жасау жолына назар аударыңыз.

4. «Мерекелік жаппай сатылым», «Жеңілдіктер» секілді бөлімдерді қарап шығыңыз. Аталған бөлімдерден жақсы затты кездестіріп қалуға болады және оны анағұрлым арзан бағаға сатып аласыз.

5. Міндетті түрде жеткізу мерзіміне көңіл бөліңіз. Мерзім аяқталысымен бірден қолдау қызметіне мерзімнің өтіп кеткені жайлы хат жолдаңыз, сайт форумында шағымыңызды айтыңыз. Тапсырыс берген затты салып жіберуді немесе ақшаны қайтаруды сұрамаңыз – талап етіңііз. Егер табандылық танытып және күн сайын сайтқа шағым айтумен болсаңыз, сіздің талабыңызды орындайды – ірі дүкендер өз абыройды жоғары қояды, сондықтан тауардың жоғалуына немесе жеткізілмей қалуына тез арада әрекет етеді.

6. Мейрам күндері тапсырыс жасамаңыз. Сайт пен жеткізу қызметі бұл күндері тапсырысқа толады, сондықтан сіздің тапсырысыңыз біршама уақытқа созылуы мүмкін.

7. Қымбат затты қабылдау кезінде ашып көріңіз және оны видеоға түсіріп алуды ұмытпаңыз. Егер тауар сапасыз болса немесе жолда сынып қалса, видео арқылы ақшаны қайтарып алуға болады. 

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: arhtorg.ru

Ж. FM