Ұялы телефонның пайда болуы өмірімізге көп өзгеріс әкелді. Адамзат сол үшін де Мартин Куперге қарыздар. Том-том кітаптарды арқаламай-ақ, сол кітаптарды алақанға сыйып кететін шағын ғана ұялы телефонға жүктеп алып оқуға болатын бағдарламалар да жасалды.
Ұялы телефонға кітап жүктеу үшін ұялы телефоныңыз:
- java-ны қолдауы керек (java дегеніміз бағдарламалармен жұмыс жасауға мүмкіндік беретін бағдарламалар тілі),
-кітап оқитын бағдарламасы болуы қажет.
Көптеген ұялы телефондар TXT, PDF сияқты т.б. мәтіндік форматтарды қолдайды. Ал егер аппаратыңыз мәтіндік файлдарды оқи алмаса, оған кітап оқитын арнайы бағдарламаны жүктей аласыз. Дәл сіздің ұялы телефоныңыздың моделіне арналған бағдарламалар бар.
Мысалы Foliant көптеген заманауи ұялы телефон үлгілеріне сай келеді. Оның көмегімен интернеттен керек кітаптарды іздеп, тауып алуға болады. Бағдарламаны жүктеп, телефоныңызға сақтап алыңыз. Жадыға кітапты көшіріп алып, файлды ашыңыз. Әлдебір себептермен кітап оқуға арналған бағдарлама телефоныңызда ашылмай тұрса, BookReader бағдарламасын компьютеріңізге жүктеп алыңыз. Оны іске қосыңыз. Қалауыңыз бойынша кітаптың шрифтін, әріп көлемін, тілді, абзацтардың орналасуын т.б. таңдаңыз. Сосын JAR-файл құрыңыз. Алынған файлды телефонға көшіріп, кәдімгі JAVA қосымшасы секілді ашыңыз.
Егер әр ашқан сайын JAVA-кітап құрудан шаршасаңыз, арнайы сіздің ұялы телефоныңыздың моделіне арналған бағдарламаны жүктеп алыңыз. Ол үшін сізге ReadManiac бағдарламасы көмекке келеді. Бұны да BookReader бағдарламасы секілді компьютеріңізге жүктеп, орнатып, кейін ұялы телефоныңызға көшіріп алыңыз.
Смартфондар үшін Qreader бағдарламасын қолданыңыз. Ол *.txt, *.tcr, *.bk форматтарындағы құжаттарды ашуға мүмкіндік береді. Тоғыздан аса тілді қолдайтын қосымша Bluetooth не Email арқылы ақпарат алмаса алады. Үлкен файлдар көбіне қысқа уақытта ашылады.
Бұдан өзге де кітап оқуға мүмкіндік беретін бағдарламалар жетерлік. Бағдарламалардың қайсысын таңдаймын деп ойланбас үшін ең тиімділерін назарларыңызға ұсындық.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: imhoblog.ru, science.compulenta.ru