Сәлем, сәлем, құрметті массагеттіктер. Бүгінгі әңгімеміз сіздерге көмегін тигізер деген сенімдеміз. Үйде немесе кеңседе белгілі бір құжаттардың көшірмесін тез арада жасау керек болып жатыр делік. Бірақ, осындайда қол астымызда көшірме машинасы жоқ болады әлбетте. Жолдың арғы жағында орналасқан көшірме орталығына баруға не мұршаң, не уақытың жоқ. Ал мына жақтан сізді біреу асықтырып жатыр. "Бол, бол, көшірмесін жаса. Көшірмесі керек" деп. Есімізге принтер мен сканердің бөлмемізде шаң-шаң болып жатқанына жарты жыл болғаны түседі. Барлық жақсы ойлар тығырыққа тақалғанда келеді ғой. Компьютер мен техникадан сәл болса да хабары бар адам осы екі құрылғыдан көшірме машинасын жасауға болатынын сезіп отырған болар. Иә, бұл техникалық құрылғыларды өзара бір-бірімен байланыстырып, үйде немесе кеңседе толыққанды көшірме машинасын жасауға болады екен. Міне, шешім де табылған сияқты.
Бұл істі жүзеге асыру үшін бізге ғаламторда тегін таратылатын iCopy бағдарламасының дистрибутиві, сәйкесінше жұмыс істейтін сканер мен принтер қажет болады. Сонымен, басты жұмыс - бағдарламаны орнату. Ал бастайық.
1 қадам
Ғаламтордан iCopy бағдарламасының дистрибутивін компьтерімізге жүктеп аламыз. Айтпақшы, бұл бағдарлама тегін таратылатындықтан, артық сұрақтар туындамайды. Ашылған терезеден "Next" пернесін шертеміз.
2 қадам
Қолданушы лицензиясының шарттарымен танысып, "Next" пернесін шертеміз.
3 қадам
Бағдарламаның орнатылатын папкасына бағыт көрсетуіміз қажет. Таңдап болғаннан кейін, "Next" пернесін басамыз. Суреттен көріп тұрғаныңыздай, бағдарлама қатқыл дисктің 1,4 Мбайт көлемін талап етеді. Бір әннің көлеміне жетер-жетпес.
4 қадам
Файлдар компьтерге көшіріледі.
5 қадам
"Finish" пернесін шерту арқылы бағдарламаның компьютерге орнатылуын тәмәмдаймыз.
6 қадам
Сканер мен принтер бұғаттауларынан компьютерге жалғанған құрылғыларды таңдап алып, жұмысты бастай беруіңізге болады. Бағдарламаның сол жағында орналасқан көк түймені басу арқылы құжаттарыңыздың көшірмесін жасай аласыз.
Сурет:prodam.smo.slando.ru