Компьютер қолданушылардың көбі үлкен көлемді бейнебаяндармен жұмыс істегенде бос орын таба алмай әуре болады. Бұндай жағдайда не істеу керек? Әрине, қосымша қатқыл дисктердің бір-екеуін сатып алу сізді тығырықтан шығарары сөзсіз. Ал, тап қазір әмияныңызда көк тиын жоқ болса ше? Әлбетте, онда басқа шешім табу керек. Қарапайым файлдар WinRAR немесе WinZip бағдарламалары арқылы оп-оңай сығылса, бейненің сығылу процессі арнайы алгоритмдерді талап еткендіктен, оларды сығуға арналған бағдарламалар әлдеқайда басқа. Қолданушылар керекті бейне сығу бағдарламаларын іздеумен әлек болмасын деген оймен біз сіздерге кейбір бағдарламалардың техникалық сипаттамасын ұсынып отырмыз.
Sorenson Squeeze 6
Sorenson Squeeze 6 бағдарламасы арқылы қолданушы бейнебаяндарды өз қалауы бойынша сығып, бейненің дыбыс деңгейін, жарық, кереғар сынды атрибуттарын өзгерте алады. Sorenson Squeeze 6 бағдарламасының көмегімен бейнелерді YouTube, Facebook, Twitter, Limelight, Akamai сынды әлеуметтік желілерде жариялауға болады. Бағдарлама алгоритмінде ойластырылған аудио, бейне сүзгілердің, кодтаудың жоғары тиімділігі мен сығудың айнымалы жылдамдығының көмегімен бейне көлемі айтарлықтай кішірейіп, сапасы қатты өзгермейді. Sorenson Squeeze 6 бағдарламасының тегін-сынақ нұсқасын https://www.sorensonmedia.com/quality-video-encoding/ сайтынан табасыз.
Стоик Video Converter
Стоик Video Converter бағдарламасында 25 арнайы эффект қарастырылды, қолданушы MPEG-1,MPEG-2 , MPEG-4 ( MP4 ), 3GPP, 3GPP2, MKV файлдар типімен жұмыс істей алады. Бұған қоса Стоик Video Converter бағдарламасында IPod, iPad, PSP, Blackberry, HTC құрылғыларына бейнені конвертациялап, жүктеу функциясы ойластырылған. Бағдарлама бейнені сыға алмағанымен, қолданушы қалаған бейнені бірнеше бөлікке бөле алады. Бағдарламаның trial және Pro Edition нұсқаларын https://www.stoik.com/products/video/STOIK-Video-Converter сайтынан жүктеуге болады.
Blaze Media Pro
Blaze Media Pro бағдарламасында аудио мен бейнені сығу, конвертациялаумен қоса бейне мен аудионы жазып алу мүмкіндігімен қоса, дайын материалды дисктерге көшіру функциясы бар. Бағдарлама MP3, WAV, WMA, OGG, MP4, AIFF, M4A, AAC, AC3, FLAC, ALAC, AVI, MPEG-1, MPEG-2 мен WMV файлдар типін қолдайды. Blaze Media Pro-ны мына жерде табасыз https://www.blazemp.com/.
Cурет xbb.uz сайтынан
Форумда талқылау