Планшетті дұрыс таңдауға арналған кеңестер

Планшетті дұрыс таңдауға арналған кеңестер

Бастауын 2010 жылдардан алған планшеттер нарығы қазіргі кезде үлкен қарқынмен дамып келе жатыр. Әлемдік деңгейдегі алып технологиялық компаниялар да өз өнімдерін шығарып, сапасы жағынан бір-бірінен асып түсуге тырысуда. Планшеттер арасындағы жарыс дәл осындай қарқынмен жалғаса беретін болса, ноутбуктер дәуіріне нүкте қойылатын күн де алыс емес сияқты.

Қазірдің өзінде-ақ ірі компаниялардың планшеттері технология нарығын түгелдей жаулап үлгерді. Атаулары да әртүрлі, дизайны мен сапасы да солай. Егер сіз осы нарықтан планшет сатып алуды шешсеңіз, сізге міндетті түрде ақыл-кеңес қажет болады. Әрине сізге әдемісі, сапалысы Һәм арзаны керек. Сондықтан төменде планшет таңдау жөнінде сіздерге аз-кем кеңес бере кетуді жөн көрдік.

Бірінші кезекте планшет дегеніміз - саусақ арқылы басқарылатын экранды компьютер. Сондықтан ең бірінші экранның өлшемі маңызды. Біреулер 5-6 дюймдық құрылғыны жөн көрсе, басқасына 9-10 дюймдық ұнайды. Не десек те, ол сіздің таңдауыңыз. Бастысы планшет экранының өлшемі емес, сізге барынша қолайлы болуы. Сонымен бірге планшеттің түсін таңдау да сіздің талғамыңызға қарай жасалады. Бұл айтқандарымыздың барлығы құрылғының сыртқы дизайны мен түсіне қатысты таңдау. 

Кез келген техниканы таңдауда басты маңызға ие болатын фактор оның функциясы мен жылдамдығы екені белгілі. Бұл жердегі таңдау жай ғана көзбен жасала салынбайтыны тағы бар. Сондықтан ең дұрыс таңдау планшеттің ОЖ-нен (операциондық жүйесінен) басталады. Солардың кейбірін талдап, таңдап көрейік.

ОЖ-дің басым бөлігі бастапқыда смартфондарға арналып шығарылғанын ескеруіміз керек. Кейін аздаған өзгеріспен планшеттерге жүктелді. Солардың бірі Google Android 2.х. ОЖ-і. Егер сіз осы жүйені таңдасаңыз, міндетті түрде оның планшетке деген икемділігін тексеріп көріңіз. Себебі дәл осы жүйенің әлсіздігі жөнінде көп айтылады. Екінші талданатын жүйе Google Android 3.x. Бұл ОЖ тұрақты жұмыс жасауға арналмаған. Бірақ басқаларына қарағанда әлдеқайда жылдам. Егер сіз ғаламтор бетін тоздырмайтын болсаңыз, осы жүйені таңдауыңызға әбден болады. 

Одан бөлек, құрылғының жадына да назар аударыңыз. Әдетте планшет жады 16, 32 және 64 Гб етіп шығарылады. Бірақ бұл жерде оның көлемі планшет сапасының көрсеткіші бола алмайды. Ерекшелігі егер сіз үлкен ақпараттар легімен жұмыс жасайтын болсаңыз, максималды жадқа ие планшет керек. Ал сіз жай ғана интернет қолданушысы болсаңыз, азғантай жад та жетіп жатыр. Бастысы жад көлемінің сапаға еш қатысы жоқ екенін ұмытпаңыз. Осы орайда планшет бағасы жадқа тура пропорционал екенін ескеріңіз. Сондықтан сіз бұл жерде қалтаңыздың қалыңдығына қарай таңдау жасай аласыз.  

Қорыта айтқанда, планшет таңдауда талғамыңызға қарай дизайны мен түсін таңдап алғасын, міндетті түрде операциондық жүйесі мен жадына қараңыз. Планшет сапасын айқындайтын оның әдемілігі емес, "ішкі әлемі" екенін ұмытпаңыз. Ең бастысы планшет талғамыңыз бен қалтаңызға сай және қолайлы болса болғаны. 


Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: androidpit.ru

Б. Қосмағамбет