- Негізгі бет
- FAQ
- Ғаламторда қалай ақша...
Ғаламторда қалай ақша табуға болады?
Біле білсек, ғаламтор – ғаламат бизнестің көзі. Әлемдік желіде орасан пайда тауып, өз ісін дөңгелетіп жатқандар қаншама?! Жұрт оны қалай жүзеге асырып жүр? Оқушылар үшін интернетте ақша табудың қолжетімді жолдары бар ма? Ұлан газетінің тілшісі бұл сұрақтарды kolesa.kz сайтының қызметкері Дәурен Көбеевке қойған екен.
Ұлан: Ғаламторда ақша табуға болады дегенді жиі естиміз. Интернет-кәсіптің ерекшелігі туралы айтыңызшы… Қалай пайда табуға болады?
Дәурен Көбеев: Мен қызмет атқаратын компанияның иелігінде kolesa.kz, krisha.kz және market.kz сайттары бар. Менің жұмысым – осы сайттардың бетіне жарнама тұтынушы компанияларды шақыру, олардың интернетте жарнамалану стратегияларын ойластыру. Ертеректе интернетте ақша табу жайында қазақтілді блог жүргізетінмін. Блогыма интернет-дүкендердің ұсыныстарын орналастыру арқылы және оны Google жарнамалық серіктестері қатарына қосып, пайда тапқанмын.
Ұлан: Интернетте ақша табудың қандай түрлері бар? Ең тиімді жолдарын айтып бере аласыз ба?
Дәурен Көбеев: Интернетте түрлі жолмен ақша табуға болады. Ең бастысы – сайттың және сол сайттағы мәліметтерді пайдаланатын адамдардың болуы. Қазіргі заман – контент заманы, ақпарат ғасыры. Мәліметтерді іздеушілер, қолданушылар көп. Олардың көп болғаны ақпараттық бизнестің дамуына әкеледі. Сауда-саттық та электронды түрде жүзеге асырыла бастайды. Мәселен, сіз суретшілерге арналған құралдар сатқыңыз келді делік. Онда сурет үйірмелеріне қатысушылар мен кәсіби суретшілер сіздің тұтынушыңыз болар еді. Шағын ғана сайт жасап, сол кісілерге қажетті өнім түрлерін онлайн-сатылымға қойыңыз. Әрине, әуелі тауарды өзіңіз арзанырақ бағамен сатып алатын жеріңіз болуы керек.
Ғаламторлық кәсіптің тағы бір әдісі – блог жазып, жарнамадан ақша табу. Егер сіз белгілі бір қызықты тақырыпта ақпарат беріп, мақала жаза алатын болсаңыз, сол тақырыпты талқыға салатын кісілерден құралған аудитория жинайсыз. Оқырмандар көп болған сайын сол тақырыпқа жақын тауарлары мен қызметтері бар компаниялар сіздің блогыңызға жарнама ілуге ынталарын білдірер еді.
Ұлан: Сіз айтып отырған интернет-кәсіппен мектеп оқушылары да айналыса ала ма? Олар үшін ғаламтордан пайда табудың қандай қолжетімді әдістері бар?
Дәурен Көбеев: Әлбетте. Мектеп оқушылары әлеуметтік желілерде қауымдастықтар ашып, оны ақпаратпен қамтамасыз етіп тұрса, үлкен аудитория жинай алады. Кейінірек түрлі интернет-дүкендердің серіктестік бағдарламалары арқылы олардың тауарларын жарнамалап, сол сайттарға сілтеме орнатса, бұдан да жақсы табыс түседі.
Ұлан: Отандық сайттар арқылы ақша табу мүмкіндіктері көп пе?
Дәурен Көбеев: Айына 1 миллионнан аса адам кіретін кез келген сайт – жақсы табыс көзі. Біздің елімізде пайдалы қызмет көрсету арқылы аты шыққан kolesa.kz, krisha.kz, chokomarket.kz секілді интернет-дүкендер табысты сайттардың қатарында. Бастысы, сіздің ұсынысыңызды (ақпарат, тауар, қызмет, т.б.) қажет ететін адамдардың болуы шарт.
@. @assel_assanova