- Негізгі бет
- FAQ
- Ақша мен экономикаға...
Ақша мен экономикаға қатысты балаңыз қоюы мүмкін 3 сұрақ
Қоршаған ортаны енді танып келе жатқан бала күніне жүздеген сұрақ қоюы мүмкін. Оның барлығына жалықпай жауап беріп, баланың зейінін қашырып алмау аса маңызды. Бала қоятын сұрақтың көбіне ата-ана оңай жауап берер, бірақ кейбір күрделі салаға қатысты сұрақ тығырыққа тіреуі мүмкін. Мысалы ақша мен экономика туралы сұрақтар. Экономист Мария Бойконың "Бриллиант неге судан қымбат? Және экономика туралы басқа да 47 сұрақ" атты кітабында бала қоюы мүмкін сұрақтарға жауап жазылған. Назарыңызға ең қызық 3 сұрақтың жауабын ұсынамыз.
1. Қағазды үнемдеп қолдансақ, ағаштарды құтқара аламыз ба?
Қағаз ағаштан жасалады. Мұны бәрі біледі. Байғұс ағаштар біз жазатын, сурет салатын қағаз жасалсын деп шабылады. Ал біз кейде қағазды үнемсіз қолданамыз. Осыған дейін жартысын ғана қолданған қанша дәптерді қоқысқа тастадыңыз? Бұл жақсы ма? Бәлкім, бізге қағазды үнемдеу арқылы ағаштарды құтқару керек шығар?
Дәл осылай біршама эколог дабыл қағып жатады. Олардікі де дұрыс шығар, алайда ағаштарды бұл жолмен құтқарудың арты сәтсіз болады. Себебі қағаз жасау үшін шабылған ағаштар өзімен-өзі жапандағы орманда өспейді. Адамдар оны арнайы қағаз жасау үшін өсіреді. Бұл да алма бақтары секілді нәрсе. Егер адамзат алма жемей қойса, алма ағаштардың жағдайы қандай болмақ? Алма саны да, алма ағаштар да азайып кетеді, өйткені қожалықтар оларға күтім жасауды қояды. Оның орнына адамдарға қажетірек заттармен айналыса бастайды, мысалы картоп егеді. Арнайы қағаз үшін өсірілетін ағаштардың да жағдайы осындай болады.
Мынандай парадоксты мойындауымыз керек: біз ағаштар көп болсын деп дәптерге жазуды доғарып, альбомға сурет салмайтын болсақ, олардың саны керісінше азая бермек.
Кем дегенде оларға күтім жасалмайды, тіпті өзге қожалыққа арнап, тамырымен қопарып тастауы мүмкін.
2. Нарықта не себепті әділ баға болмайды?
Үлкендердің "Бағасы удай қымбат қой? Бұл деген – адамды тонау!" деп тым қымбат затқа шүйліккеніне куә болған шығарсыз? Бізді шыныменде тонап жатыр ма?
Нарықта "дұрыс" баға бар ма өзі? Әсте, жоқ. Адамдар бұлай шүйліксе, бұл оның баға барынша төмен болса деген қалауын көрсетеді. Бірақ бізге заттың бағасы ұнамаса, мәселе әділдікте, оған қоса тонауда емес. Ешкім ешкімді зорлықпен сатып алғызбайды. Сауда екі жақтың келісімі нәтижесінде құрылады. Сіз мысалы дүкенге сағыз аламын деп кіріп, сағыздың бағасын көресіз. Ол қалтаңыз көтеретіндей болса, сатып аламын, қымбат болса, алмаймын деген шешімді тек сіз қабылдайсыз.
Бірақ бұл бағалар қалай қойылады? Мысалы неге кафедегі балмұздақ дүкендегіден екі есе қымбат? Бұл әділ нәрсе ме? Неге кафелер екі есе ақша алуы тиіс? Оның жауабы қарапайым: неге солай жасап көрмеске? Кафе иесі алып-сату арқылы ақша табады. Егер дүкендегіден бағасы қымбатырақ балмұздақты кафеде жегісі келетін адам табылса, кафе не үшін мұндай мүмкіндіктен бас тартуы керек?
Сатушы мен сатып алушы кездескенде, сатушы өзі алғысы келген минимумды біледі, ал сатып алушы қалтасы көтеретін максимумды төлейді. Нақты қай бағаға тоқтайтыны олардың қалай келісетініне байланысты. Кафе қожайыны тамақтың бағасын қою үшін әр қонақпен келісіп отырмайды, әрине. Сатып алушылар төлейтін ақшасы арқылы заттың бағасына дауыс береді: егер қымбат балмұздақты сатып алатын адамдар жеткілікті болса, оның бағасын түсірудің еш мәні жоқ. Ал егер балмұздақ көп өтпей жатса, амалсыз бағасын түсіруге тура келеді.
3. Шетелдіктерге жергілікті музейдің билеті неге қымбатқа сатылады?
Cіз ересек адамсыз және Петербордағы Эрмитаж музейіне бардыңыз делік. Билетті қаншаға сатып аласыз? Билеттің бағасы адамның азаматтығына байланысты екен. Егер сіз Ресей азаматы болсаңыз, билетті 400 рубльге, ал шетелдік азамат болсаңыз, 700 рубльге сатып аласыз.
Мұндай әділетсіз бағалар қайдан шықты? Орта есеппен шетелдік туристер Эрмитаж билетіне жергілікті бағадан да көп ақша жұмсауға дайын.
Петерборға келген туристердің табысы жергілікті халықтың табысынан көбіне жоғары болады. Сондықтан Эрмитаж оларға билетті қымбатқа сатып, табысын арттырып отыр.
Дәл осындай жағдай ұшақтағы балалар билетіне де қатысты. Әуе компаниялары балаларға ұшақ билетін ересектерден арзан етіп қойған. Ересектер баламен тек демалысқа шыққанда ұшады. Ал егер балалардың билетін ересектермен бірдей етіп қойса, отбасының демалысқа ұшақпен ұшуы сирейді немесе өзге көлік құралымен аттана бастайды. Адамдар тобына қарай жеке-жеке баға тарифін қою баға дискриминиациясы деп аталады.
Massaget.kz