Ұлыбритания тұрғыны 25 жастағы Бен Джон әжесінің үйіне келгенде, оның ашық қалған ноутбук экранына көзі түседі. Экранның бетінде тұрған Google іздеу жүйесінде “Мына MCMXCVIII рим цифрларын анықтап беруіңізді өтінемін. Рақмет.” деген жазуды оқиды. Әжесінің іздеу жүйесін пайдалану барысындағы сыпайылығын қызық көріп, оның суретін өзінің твиттер парақшасында жариялайды. Суреттің үстіне Бен мынадай жазба қалдырады: Әжем Google-ден бірдеңе іздеген кезде “өтінемін” және “рақмет” деген сөздер пайдаланады. Қызық!
Ескі тәрбиеде өскен қарт бұл сөздерді пайдаланбауға болады деп мүлдем ойламапты. Беннің твиті тез танымал болып, адамдар әженің сыпайылығына сүйсініп, пікірлерін қалдырып жатты.
Немересінің айтуы бойынша Мэй Эшуорс Google HQ іздеу жүйесін қолданған кезде ар жағынан адаммен сөйлесіп отырмын деп ойласа керек. Сыпайы интернет қолданушысына Google жүйесі де көп кешікпей мынадай үлгідегі өз жауабын берді.
"Құрметті Беннің әжесі! Сізде барлығы жақсы деп үміттенеміз. Біз үнемі миллиардтаған іздеу сұраныстарын алып жатамыз, бірақ сіздің өтінішіңіз біздің езуімізге күлкі ұялатты. Айтпақшы: жауабы – 1998. Рақмет сізге".
Бұл шынымен болған жағдай. Бен осы ақпаратты твиттер парақшасына салғаннан кейін миллиондаған адам өз парақшасында бөліскендіктен, бұл ақпарат Google қызметкерлерінің де назарына ілініп, олар әдепті әжеге жылы жауап жазуды ұйғарған екен.