- Негізгі бет
- FAQ
- "Upgrade" деген не?...
"Upgrade" деген не?
Компьютерді апгрейдтеу – оның іш құрылысындағы ескірген бөлшектерді қуаттылығы мен тез әрекеттілігі жақсы жаңа үлгілерге алмастыру. "Upgrade" cөзі ағылшын тілінен аударғанда, «жаңарту» дегенді білдіреді. Заманауи дербес компьютерлер алынып-салынбалы модульді жүйелер негізінде құрастырылғандықтан, қарапайым қолданушыға Upgrade жасау еш қиындық туғызбайды.
Компьютерге апгрейд не үшін қажет?
Егер сіздің компьютеріңіз қалыпты жағдайда жұмыс істеп, жұмыс барысында сізге келеңсіз жағдайларды туғызбаса, онда сіздің есептеу машинаңызға жаңарту жасаудың қажеті жоқ. Дәлірек айтқанда, әзірше қажеті жоқ. Бірақ, компьютерде жұмыс істеу сізге жайсыздық туғызса, апгрейд жасау туралы ойланғаныңыз жөн. Егер компьютердің өнімділігі төмендесе, апгрейд жасаудың уақыты келді.
Апгрейдті қашан жасау керек?
Егер сіз жаңадан шыққан компьютерлік ойын ойнап, жоғары сапалы бейне көрем десеңіз, апгрейд жасау тиімді шешім. Апгрейд жасау жаңа компьютер сатып алудан арзан болған жағдайда ғана жаңа бөлшектер алған жөн. Мысалы, сіздің компьютеріңіздің бейне жүйесі ескірген. Ал сіздің аналық платаңыз заманауи бейне картамен үйлесімді жұмыс істей алады. Неге жаңарту жасамасқа?
Компьтердің бейне картасын ауыстыру - апгрейд жасаудың ең кең тараған түрі. Аналық тақтаңыздың ауыстырылуы келесі бөлшектердің жаңартылуын талап етуі мүмкін: процессор, оперативті жады, қорек көзі блогы. Кейде жаңарту кезінде ДК барлық бөлшектердің жайлы жұмысын қамтамасыз ете алмайды. Өйткені, ескі қорек көзі блогының қуаттылығы жаңа бөлшектермен үйлесімді жұмыс істей алмайды. Кеңес: апгрейд жасамас бұрын, барлық шығындар мен кететін уақытты есептеп, барлығын ойластырып алыңыз.
Апгрейд кезінде не ауыстырған жөн?
Компьютердің негізгі құрамына қандай бөлшектер кіреді? Әдетте компьютердің негізгі құрамына корпус, қорек көзі блогы, аналық плата, орталық процессор, бейне карта, оперативті жады, қатқыл диск пен оптикалық диск оқитын DVD құрылғысы жатады. Кей жағдайда апгрейд тек бір бөлшек ауыстыруды талап етеді.
Апгрейд жасаудың тәсілдері
Апгрейд жасаудың ең оңай жолы: қосымша компонентті қосу болып табылады. Мысалға орнатылған жады құрылғысына қосымша сондай компонет қосып, ДК өнімділігін арттыру. Жаңартудың күрделі тәсілі де бар. Ол орнатылған құрылғыны одан да заманауи үлгімен ауыстыруды көздейді. Мысалы, ескі қатқыл дискті көлемі мен жылдамдығы, тез әрекеттілігі жағынан жаңасына ауыстыру, бейне картаны қуаттысына алмастыру т.с.с.
Компьютердің оперативті жадына апгрейд істеу арнайы бос ұяшықтар біткенше жасауға болады. Кейін жады модульдерін жаңаларына ауыстыруға тура келеді. Мұндай тәсілдер жасауға арнайы тәжірибенің қажеті жоқ. Тек қатқыл дискті ауыстырған кезде операционды жүйені орнату мәселесі туындайтыны жайлы ұмытпаңыз. Ал қорек көзі блогы мен процессорды ауыстыру үшін арнайы тәжірибе қажет. Өйткені қорек сымдардың дұрыс жалғанбауы мен процессорға термопастаның дұрыс жағылмауы келеңсіз жағдайға, тіпті барлық құрылғының жанып кетуіне әкелуі мүмкін.
Апгрейдтің ең қиыны аналық тақтаны ауыстыру. Бұл жағдайды сіз барлық бөлшектерді демонтаждап алып, оны қайта жаңа тақтаға орнатасыз.
Апгрейд жасау барысында мынаны есте сақтаған жөн
Оперативті жадыны ауыстырғанда қазіргі кезде DDR2 мен DDR3 модульдерінің бар екенін ескеріңіз. Олар бір-бірімен жұмыс істей алмайды. Дәлірек айтқанда, DDR2 модулін DDR3 ұяшығы бар аналық тақтаға орната алмайсыз. Бұрынғы компьютерлер DDR модульдерімен жұмыс істеген.
Қатқыл дискті аналық тақтаңызда орнатылған ұяшықтың типіне қарап таңдау керек. Заманауи ДК-лер SATA мен SATAII интерфейстерімен жабдықталады. Ескі үлгілер IDE интерфейс негізінде жұмыс істейді. Қорек көзі блогын ауыстырғанда барлық қосымша орнатылған құрылғылардың қуаттылығын ескеріп, сәйкесінше тоқ көзі мен кернеумен қамтамасыз ететін блокты таңдаған жөн.
Суреттер on.kz сайтынан алынған