Өмірде болған қызықты оқиғалар

Бір күні Изекең мен Сәтмағанбет ақсақал «Қуаныш» колхозынан ат-шанамен шығып, жол жүріп келе жатады. Жол бойы Сәтекең әңгімені бірінен соң бірін қоздатып, жанындағы серігіне сөз бермей қояды. Сонда Изекең:
– Әй, Сәтмағанбет, тоқтат! Енді мен сөйлейін, аузым тоңып қалды! – деген екен.
                                                   
– Құрманғали қонақ шақырып жатыр екен, бармайсың ба?
– Галошым жаңа, несіне барамын?!
– Голоштың не қатысы бар?
– Біреу-міреу ауыстырып киіп кетіп жүрер...
– Е, енді түсіндім, бұрын ескі голошыңды жаңасына ауыстыру үшін барып жүр екенсің ғой.
– Қымбатшылық заманда сақтанбасаң болмайды!

                                               

Төлегенді достары үйлендірмекші болады. «Қойыңдар түге, босқа шаршамаңдар» дегеніне қарамайды. Достары бірде сөйлес, таныс деп қонақ қыз келген бір үйге апарады. Ретін де келтіріп Төлеген мен қызды оңаша қалдырады. Төлеген:
– Қайда істейсіз?, – деп бастайды сөзін. Қыз:
– Наубайханада, – деп жауап береді. Төлеген:
– Бәсе, қайдан десем, бұрқыраған нан иісі сізден шығып тұр екен ғой! – депті. Қып-қызыл боп кеткен қыз үйден ата жөнеледі.

                                                
1936 жылы аталмыш колхоз Ақдөң деген жерге қауын, қарбыз егіпті. Мол да жақсы болып шықса керек. Жамай ол кезде колхозшы еді.
Жамекеңнің балалары ол кезде жастау екен. Қарбыз сұрап жылай берген соң, бірде түнде барып, жұртқа көрінбей, әкеліп бере қояйын деп бақшаға келіпті.
Қапқа үшеу-төртеуін салып, енді жүре беремін дегенде бір салт аттының келіп қалғанын көреді. Қас қылғандай айдың да сүттей жарық болмасы бар ма.
Жамекең қапты тастай салып, етпетінен жата кетіпті. Салт атты колхоздың төрағасы екен.
– Уа, кімсің?
– Жамаймын.
– Не қып жатырсың?
– Өліп жатырмын.
– Тұрсайшы.
– Өлген кісі тұра ма?!
Басқарма бұрылып жүре беріпті.

"Ауыл айтқыштары" кітабынан

Оқи отырыңыз: 

Бір күні Қожанасыр...

Жүзіңнен күлкі кетпесін!

Күніңді күлкімен қарсы ал!

Күлкінің қызығына батқыңыз келсе

 

Дайындаған: Нұрбол Нұрмаханұлы

Сурет:@massaget.kz