"Қазір таңда жануарлар да бірлік деген ұғымның не екендігін жақсы білетін секілді. Бұрынғы ит пен мысықтың арасындағы жанжал, тоқсаныншы жылдардың толқынымен тоқтағандай көрінеді. Бір үйде, бір аулада жүрген иттердің бір-бірімен сүйекке таласып, арпалысып жатқанын мүлде көрмейміз", деп қалаға оқуға келген жігіт маңайындағы қожайындары демалтып жүрген иттерге қарап таңырқап отыр. Расында соңғы уақытта адамдар ғана емес, жануарлар да мәдениетті үйрене бастағандай. Кейбір иттер бағдаршамның түсімен ары-бері жолды кесіп өтсе, қожайынының ғана қолынан тамақ ішіп үйренгендері өзге біреу қандай тағам берсе де бет бұрмайды. Адамдардың жан-жануарлармен жақын араласқаны соншалықты, бұрын ит пен мысықты ғана үйдің ішінде жүргенін байқасақ, қазір арыстаннан бастап, тышқанға дейін асырап жатқанына көзіміз жетті. Үйінде сүйкімді жануарларды ұстағанға жаны құмартатын шетелдік мына бір отбасының тиіні мен мысығы бір құрсақтан шыққандай әсерде қалдырады. Мысықтың жүнін тарап, өріп көруге ұмтылып жүрген тиіннің әрекетін сіз де тамашалаңыз.