Осы сайт жұмыс жүргізіп келе жатқалы сіздердің жақын достарыңызға айналып үлгерді деп сенемін. Ал шын мәнінде біздің әріптестер ара тату-тәтті, берекелі, әзіл-қалжығы жарасқан ортамыздың өзі кісі қызығарлық. Кейде, жұмыс үстінде қалжырап-шаршап отырғандарды көрсем, анекдот айтатын әдетім бар. Демалыс күндерге арналған әзіл-қалжыңымыз жалғасын табуда. Ендігі «сенбілік әзілімізді» алыстан емес, тікелей өзіміздің жұмыстан бастайық.
***
Бір күні бір жігіт түнде ұйқысырап жатып «Ақерке! Жаным, менен алыстап кетпеші...» депті де, оянып кетіп, әйелім естіп қойды ма екен дегендей күдіктеніп, қайтадан ұйқыға кетіпті. Тәңертеңгі шайда әйелі әңгімелесіп отырып:
- Ақерке деген кім?...- деп әңгімесін бастай бергенде:
- Ой, ол бір досымның үш айлық бөбегі емес пе. Үйіне барғанда көп еркелетемін. Содан түсіме кіріп ұйқысырап, соның атын шақырып жүр екенмін, - депті.
- Еее,
- Не болды ренжіп отырсың ба?
- Жоға, жаңа тәңертең сол бөбектен үш рет телефон келді, - деген екен.
***
Біздің жұмыстағы Фараби мен Уәлихан футбол десе ішкен асын жерге қояды. Бірде Фараби қатты науқастанып жатады. Содан Уәлихан көңілін сұрай келіп:
- Досым, егер алда-жалда өліп кетсең, арғы дүниеде футбол ойыны бар-жоғын менің түсіме келіп ескертесің ғой, - деп әзілдепті. Сонымен, Уәлидің сандырағы келіп, арада бір ай өткенде Фараби оның түсіне кіріпті:
- Саған айтар екі хабарым бар, бірі жақсы, бірі жаман, қайсынан бастайын, - депті.
- Жақсысын айтшы.
- Мына дүниеде де футбол бар екен. Бәріміз ойнап қарық боп жүрміз.
- Бәрекелді, досым! Сен жалығып қалды ма деп алаңдап жүр ем. Жақсы болған екен. Ал жаманын айтшы?
- Өкініштісі, келер аптада біздің команданың қақпашысы сен екенсің!
***
Біздің жұмыстағы Ардақ пен Анардың кішкене сәбилері ас үстіне Анардан сұрап жатыр дейді.
- Мама, мама, осы папамның шашы неге аз?
- Құлыным, себебі папаң көп ойлайды, өте ақылды адам. Ақылды адамдардың шашы солай аз боп қалады.
- Онда сенің шашың неге көп?
- Оттамай, тамағыңды іш!..
***
Қытайдан келген Мейіржанның орыс тілін аса жетік біле бермейтін кезі. бірде Үрімшінің (қытайда) кафесінде тамақ ішіп отырса, біреулердің күтуші қызды «Официант» деп шақырғанын естіп қалыпты. Содан бір жылдан соң Алматыға келгенде тағы бір кафеге келсе біреулердің «Официант» деп күтуші қызды шақырғанын естіп қалыпты да, жанындағыларға «Мына Официант деген қыз біздің қытайдан келген, Алдында Үрімшіге барғанда танысқам» деп мақтанып отыр дейді.
***
Біздің Болаттың биология факультетінде оқып жүрген кезі ғой. Содан бірде ол шегірткені зерттеп отыр екен. «Секір» десе шегіртке секіреді дейді. Содан естелік дәптеріне «шегіртке секір дегенде секірді» деп жазып қойыпты.
Енді шегірткенің аяқтарын жұлып тастап, «секір! Секір!» деп бірнеше рет айқайласа да шегіртке секірмепті. Содан естелік дәптеріне «Төрт жылдық зерттеуімнің қорытындысы: шегірткенің аяғын жұлып тастасаң құлағы естімей қалады» деп жазып жатыр .
***
Ғанидың қызы қызғаншақтау екен, кеште үйге келсе өне бойының бәрін тінтіп қыздардың ұзын шашын іздеп, тауып алса бәле салатын болған ғой. Бірде тағы да сөйтіп, ары қарап, бері қарап ештене таба алмапты да:
- Құдай-ай! Енді басы таз қыздарға баратын болғансың ба, - деп бәле салып жатыр дейді.
***
Біздің Еркебұлан іссапармен Африкаға кеткен болатын. Сонда жүріп, абайсызда адам жейтін жабайы адамдардың тайпасына ұсталып қалыпты. Өмірден күдерін үзіп, түңіліп отырғанда әлгі тайпа ақсақалы келіп, қазақша сөйлепті. Мұны естіп қуанып кеткен Ерекең оларды мақтап құтылып кетейін деп ойлапты да:
- Сіздің тайпаның адамдарының мәдениет өресі өте жоғары екен? – десе, әлгі тайпа ақсақалы:
- Солай! Біз қазыр Европадан үйреніп, адамды вилкамен жейтін болдық, - деген екен.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com