- Негізгі бет
- Езутартар
- Құрдастар қалжыңы ...
Құрдастар қалжыңы
Қазақ құрдастың әзіліне ренжімейтін болған. Құрдас айтқан әзілге, жасаған қалжыңына өкпелеу азаматтыққа сын болған. Сол үшін де құрдас азаматтар әзілдесіп, ойнай беретін. Ал құрдастар қалжыңы әдебиетімізге де еніп, әзіл-қалжыңның ретін осы құрдастар арасындағы әңгімеге арқау ететін болған. Сондай бір әдемі құрдастар әзілін ұсынайық.
***
Баяғыда екі құрдас болған екен. Бірінің аты – Досбол, екіншісі – Ақмырза. Ауылдары аралас, қойлары қоралас көрші отырыпты. Досбол егін егеді екен, бір жылы әдеттегіше егінді жиып, дәнді ұйып болған соң, баласы:
- Көке, қырман қандамаймыз ба? – депті.
- Шырағым, биыл өнім аз, қаптай салыңдар, - дейді көкесі. «Қырман қандамаймыз ба?» дегені егінді жинап алған соң, дәнді қаптамай тұрып, мал сойып, садақа беріп, сойған малдың қанын дән үстіне сеуіп барып қаптайды екен.
Бұл жай Ақмырза құрдасының құлағына тиеді.
«Биыл Досбол қырман қандамай, егін жинап алыпты, бір тоқтысын шығын көрген ғой шамасы, ебін тауып есесін қайтарайық» деп, бір қуды шақырып алып, оған былай деп түсіндіреді.
- Сен ақ матаға оранып ал, белің мен төбеңнен түйіп байлан, еш жерің көрінбейтін болсын. Сосын таң алдында Досболдың терезесінің алдына барып: «Ей, Досбол, қырманыңды ұрлап сүзіпсің! Құдайдан безіпсің!» деп үш мәрте айғайла. Соны айт та, молаға жаймен сүйретіліп жүре бер, - дейді.
Қу жігіт ақмырзаның айтқанын дәл солай орындайды. Таң алдында дауысты естіп, шошып оянған Досбол іргені түріп қараса, ақ киімді біреу молаға қарай сүйретіліп кетіп бара жатыр екен. Қорқып кетіп, әйелін оятады.
- Тұр, кемпір, кешегі қырман қандамағанымызды көкем жаратпаған екен. Аян беріп кетіп барады, әне!
- Ойбай-ай, бір тоқтыны қимай, көрдегі атамды тұрғыздың-ау! Түсімде жүдеп жүр еді, осы екен ғой, - деп кемпірі зарлап қоя береді.
Ертемен мал өргізгенде, Досбол бір ту қойды сойып, көршілерін жинайды. Болған жайды құрдасы Ақмырзаға айтады.
Арада біраз уақыт өткен соң, Досбол құрдасын сағынып, сәлемдесіп, Ақмырзаның үйіне барады. Құрдасының үйіне келіп, сыртта аттан түсіп жатса, Ақмырзаның балалары: «Ей, Досбол, қырманыңды ұрлап сүзіпсің, құдайдан безіпсің!» деп тақ-тақ етеді. Сонда ол баяғы бәленің Ақмырзадан келгенін біле қояды да, атына қайта мініп, үйге кірместен қайтып кетеді.
Бұның есесін қайтарғысы келген Досбол балаларына келіп былай дейді:
- Ақмырзаның үйі бүгін көк шалғынға көшіп келіп, қосын тігіпті. Түнде білдірмей сол қостың төрін есікке, есігін төрге қаратып бұрып қойыңдар.
Балалары әкесінің айтқанын екі етпей орындайды. Түн ортасы шамасында Ақмырза тысқа шығайын десе, есік орнында жоқ. Кемпірін оятып, көмген отты үрлеп жағып қараса, есік төрге қарап қалыпты. Қорқып кеткен Ақмырза ертесіне қарттарды жиып, мән-жайды айтса, ішіндегі молдасымақ біреу:
- Үйіңді жын-перінің ойнағының үстіне тіккен екенсің! Құдай сақтапты. Ер-азаматтың басына түскен ауыртпалығын астындағы аты көтереді деген бар. Астыңдағы атыңды сойып, садақа бермесең, мына бәледен құтылу қиын, - депті.
Ақмырза көк шолағын көтеріп жығып, енді шалайын дей бергенде Досбол:
- Ей, Ақмырза, сен неге жыламайсың? Жыласаң, құрбаның қабыл болады. Шын жыласаң, атыңды шалмасаң да садақаға есеп болады. Екі дүниеде мен куәмін, - дейді. Бұл әлектің Досболдан келгенін түсінген Ақмырза көкшолағын тұрғызып қоя беріп, Досболдың жағасынан ала түседі.
- Осы мазағың үшін бұдан былай көрмей-ақ кеттім. Мен өлсем, сен топырақ салма! Сен өлсең, мен топырақ салмайын!-депті.
Қанша әзілдессе де, Құдайы бір құрдас емес пе, Досбол кешіріп сұрап, қонаққа шақырады. Бірақ әбден ашуланған Ақмырза илікпей қойыпты.
Арада бірнеше ай өтіп, ақ қырау түскен кезде, іңір қараңғысында бір кісі Ақмырзаның үйіне ат басын тіреп, сырттан дауыстап қаралы хабар жеткізеді. Әзілдесіп жүрер құрдасы өмірден қайтқан екен.
«Апыр-ай, Досбол сырқат еді деген хабар естімеп едім ғой» деп ойлаған Ақмырза сыртқа шықса, аты екі бүйірін соққан жаңағы хабаршы суыт шаба жөнеледі.
«Айы жеткен айында, күні жеткен күнінде деген осы-ау, - деп кемпіріне ақыл салады, - Өлсең, топырақ салмаймын деген сертім бар еді, не істесем екен?!-дейді.
- Сертің құрысын, - дейді әйелі, - Құрдасың өліп жатса, барып мақұлдығын ал, қол-аяғын соз, сүйегіне кір, кешірімі болар, - дейді.
Досболдың үйіне таяй бергенде құрдасының әйелі жоқтау айтып, қара жамылып алдынан шығып, Ақмырзаның мойнына асылып зарлайды:
- Бәйтерегім құлады,
Ұзынынан түсіп сұлады.
Құрдасыңнан айрылдым,
Қанатымнан қайрылдым.
Қоса жылап ішке кірген Ақмырза құрдасының қол-аяғын созып, кешіріп өтінеді:
- Құрдасым-ай, кешіре гөр, құдай қабыл етсін. Араздасып едім, мен кештім, - деп өкінеді.
Сол кезде ақ кебін жамылып жатқан құрдасы ұшып түрегеліп:
- Ит-ау! Мен өлгенде, келмеймін дегенің қайда, - деп дүрсе қоя бергенде, Ақмырза біраз уақытқа дейін есінен танып, талып жатқан екен дейді.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: alashainasy.kz
Қ. Қауымбек