Мұндағы әзілдерді оқи отырып, пікірге өз ойыңызда жүрген бір-бір әзілден жазсаңыздар, тамаша болар еді. Жалпы күле жүрейік, көңілді жүрейік.
***
Әкесінен таяқ жеген бала жүгіріп келіп шешесіне шағымданыпты: «Шеше, біреу сіздің балаңызды ұрса, не істер едіңіз?» десе, шешесі: «Мен оның баласын ұрар едім» деген екен.
***
Құмырсқа мен піл үйленіп, көп өтпей піл дүние салыпты. Пілді жерлеп жатқан құмырсқа еңіреп жылап жүр дейді: «Жаным-ау, сен өлгенше мен өлсем болмас па еді?! Неге сонша ерте кеттің! Ендігі қалған өмірімде ештеңе де істемеймін. Тек сені көмумен ғана өтемін!»
***
Биология пәнінің емтиханында құстардың тек қана аяғының суреті беріліп, қандай құс екенін айту туралы сұрақ келіпті. Бір студент не жазарын білмей ашуланып, емтихан қағазын жырта салып есікке беттепті. Мұны көрген тексеруші:«Атың кім? Қай топтың студентісің?» деп сұраса, әлгі жігіт балағын көтеріп жіберіп:«Өзің тауып көрші» деген екен.
***
Екі тасбақа тоғайда табысып, махаббаттың бал шырынын татып, келесі жылдың дәл осы күні, бәлен сағатта кездесетін болып серттесіпті. Бір жылдан кейін серттескен уақытқа еркек тасбақа екі сағат кешігіп келіпті. Сөйтсе, әлгі жерде ұрғашы тасбақа шалқасынан түсіп жатыр дейді. Еркек тасбақа кешігу себебін айтып кешірім сұрай бергенде, ұрғашы тасбақа: «Ақымақ, былтыр кеткенде қолымнан тартып тұрғыза салсаң болмай ма, содан бері әлі жатырмын» деген екен.
***
Бірде мұғалім оқушылардан келешекте қай маман иесі болғылары келетіндерін сұрапты:
Болат: - Мен миллионер болғым келеді.
Ардақ: - ұшқыш болсам деп армандаймын.
Гауһар: - Мен ана болғым келеді.
Еркебұлан: - Мен Гауһардың ана болуына көмектескім келеді, - деген екен.
***
Ендігі кезек сізде, оқырман?
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com