Күлкі күні! Көтеріңкі көңіл-күй мен шатттыққа кенелетін күн. Адамзат баласының ерекше сезіммен күтететін қуанышты мерекесі. Дана қазақта «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген сөз бар. Осы сөзді негізге ала отырып, Күлкі күніне арналған бірнеше әзіл үлгілерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Үйде:
● Осы күні сізге қонақ келген болса, былай әзілдесеңіз болады: аяқ киімінің ішіне кигенде тар болып қалатындай газет тілімдерін немесе мақта салып қойыңыз. Қонақтардың қайтатын уақыты келіп, аяқ-киімдерін кигенде не болатынын қараңыз! Оларды мерекемен құттықтап, әзілдегеніңізді мойындауды ұмытпаңыз!
● Кіші бауырларыңыз бар ма? 31 наурыз күні кешкісін, немесе 1 сәуір күні ертемен сүйікті ініңіздің шалбарының балағын тігіп тастаңыз. Ол басында абыржып, кейін сізбен бірге әбден күлер. Тек кейін оны сөгетін де өзіңіз боласыз...
Достарыңызға:
● Кездесіп жүрген қызы жоқ досыңызды былай алдасаңыз болады. Біреудің телефонын алып, досыңызға мынадай хат жолдаңыз: «Сәлем! Сен маған қатты ұнайсың! Есентай жағалауында сағат 19.00-де кездесейік. Мен сары киімде боламын. Жұмбақ жан...» Сіздің досыңыздың кездесуге баратынына 100% сенімдіміз! Сізде сол сәтте сары киініп, кездесуге барасыз. Сіз сияқты «жұмбақ жанды» көргенде...
Мектепте:
● Сыныпқа ерте келіп алыңыз, сізден кейін келген әрбір оқушыға қазір болатын сабақ болмайды, мұғалім ауырып қалыпты, орнына басқа сабақ өтеді дейсіз. Ал мұғалімге сабақ кестесін ауыстырып жіберіпті деңіз. Бәрі шым-шытырық болып кеткенде, мерекеде алдағаныңызды мойындаңыз.
Ескерту: Апайыңыз қалжыңқой болмаса, екі алып қалуыңыз да мүмкін.
● Сыныбыңыздың еденіне 100 теңгелік тиынды желіммен жапсырып қойыңыз, алам деп еңкейген адамның қандай ыңғайсыз жағдайға қалатынын көресіз.
Жұмыста:
● Ортасына тәтті крем салынған бәліш сатып алып, 1 сәуір күні шай ішейік деп жұмысқа алып келесіз. Бірақ, келмес бұрын үйде алдын ала кремнің бетіне білдіртпей ащы бұрыш сеуіп қойыңыз. Ол бәлішті жеген кездегі әріптестеріңіздің түрін елестетіңіз!
● Таңертең ерте келіп, әріптестеріңізбен ақылдасып алыңыз. Нысанадағы адам жұмысқа келгенде: "Саған жұмысты жақсы істегенің үшін қосымша сыйақы берілді" деп, қолына ақша салынған конверт ұстатасыздар. Ол қуанып, конвертті ашқанда жасанды ақшаны көреді.
● Кеңседе жаныңызда отыратын жақын құрбыңызға таңертең келіп, жұмыстан шығу туралы арызыңызды көрсете отырып, жұмыстан өз еркіңізбен кететініңізді айтасыз. Ол таң қалып, себебін анықтамақ болып, шыж-быж болғанда, бүгін алдау күні екенін айтып, құттықтайсыз!
● Жақын құрбыңызбен бірге бір қызметте істесеңіз, бұл әзіл үшін таптырмас мүмкіндік. 31 наурыз күні кеңседе кідіріңіз, құрбыңыз шығып кеткен сәтте іске кірісіңіз! Үстеліндегі заттардың бәрін қабыршық қағаздармен орап тастаңыз немесе заттарының бәрін сөрелерге тығып қоюға болады.
● Жұмыстағы қызметкерлердің жұмыстан шығару туралы бұйрықтарын басып шығарып, үстелдерінің үстіне қойып қойыңыз (көзге көрінетін жерге). Әйтеуір біреу көріп, басқаларды дүрліктіріп, қара аспанды төндірері анық.
● Windows жүйесіндегі тышқан батырмаларының белгісін ауыстырып қойыңыз (негізгісін оң батырмаға ауыстырып), әріптесіңіздің түсініспеушілікке тап болары анық.
Сүйіктіңізге:
● Жарыңыз жұмысқа кете салысымен, мынадай мазмұнда хат жолдаңыз (нөмірден қателескен секілді болып): «Қайда жүрсің? Мен сені күтіп қалдым! Тез келсеңші, күйеуім жұмысқа кетті. Сағындым, шыдай алар емеспін!»
● Мейрамханада әзілдеу. Сүйіктіңізді кешкі асқа шақырыңыз. Ол әжетханаға немесе жуынуға шығып кеткенде, даяшымен есептесіп, ал қызға ақшам болмай тұр, төлемей қашып кетейік деген ұсыныс білдіріңіз.
● Сүйіктіңізге арзан, ұсқынсыз, солып қалған гүл сыйлаңыз. Аздаған кідіріс... көңіл-күйдің бірден түсуі... түсінбеген көздер... Сосын арқаңыздан әдемі, үлкен гүл шоғын алып шығасыз!
Бастығыңызға:
● Жұмыстағы сағаттарды бір сағат алдыға жылжытып қойыңыз. Кешігіп қалдым деп ойласын.
● Бүкіл бөлім болып, жұмыстан өз еріктерімен шығу туралы өтініш жазып, бастығыңыздың үрейін ұшыруларыңызға болады.
● Дәл осы күні бастығыңыздың артына қызықты жазу жазылған қағаз қыстырып қойсаңыз болады. Оның арқасына: «Бастық қайда, көрмедіңдер ме?», «Мен сияқты ақымақ бастық жоқ!» деп жазсаңыз болады.
Ескерту: Бастықпен әзілдесу - қауіпті іс. Бұл итті ашуландырумен бірдей – қауып алу, алмауы белгісіз...
Көршіңізге:
● Дәліздегі қарама-қарсы есіктерді жіппен матап, байлап қойыңыз. Одан кейін екі есікті бірдей қағыңыз! Кім-кімді тартып әкетер екен.
● Баспалдаққа жіппен байланаған «Жөндеу жұмыстары жүріп жатыр» деген тақта іліп қойыңыз.
Күтпеген жерден болатын ауыр немесе жағымды болсын, кез келген әзілдерді көтере алмайтын адамдар болады. Олар сіздің әзіліңізге кәдімгідей қатты ренжіп қалуы мүмкін. Сондықтан әзілдеспес бұрын, ол адамның мінезін жақсы біліп алғаныңыз жөн.
Сурет: www.jennandlucas.blogspot.com