Қожанасырдың есек суаруы
Күндердің бір күні Қожанасырға әкесі есекті суарып келуді тапсырады.
Оған Қожанасыр:
– Жоқ, бара алмаймын,– депті.
– Ие, неге?
– Ернім жарылып кетіпті, - деп жауап беріпті Қожанасыр.
Әкесі ашуланып:
– Есекті суаруға еріннің қандай қажеттігі бар? – деп жекіпті.
Сонда Қожанасыр:
– Есек су ішіп тұрған кезде мен «ішт-ішт» деп ысқырып тұруым керек емес пе? – депті.
Қожанасыр мен би
Бір бидің сиыры Қожанасырдың еккен егінін жеп қойыпты. Қожанасыр бидің өзіне барып:
– Биеке-ау, бөтен біреудің сиыры екінші біреудің еккен егінін жеп тауысса, оның үкімі не болады? – депті.
Би үлкен сары тысты кітабын қолына алып, ашып көріп:
– Сиырдың иесі шариғат жолы бойынша желінген егіннің құнын төлейді, – депті.
– Олай болса, сіз егіннің құнын төлеңіз, сиыр сіздікі де, егін біздікі,– депті алақанын жайып.
– Иә, солай деңіз! – деп ойланып тұрып, қолындағы сары түсті кітапты былай қоя беріп, басқа бір кітапты алып бетін аша беріпті.
Сонда Қожанасыр:
– Ашпай-ақ қойыңыз, тақсыр би, сіздің сиырыңыз менің егінімді жегенше, қолыңыздағы көк кітапты жесе, анағұрлым тәуір болатын еді,– депті.
Қожанасырдың есегі
Күндердің күнінде жоғалып кеткен есегін іздеп жүрсе, алдынан бір құрдасы жолығыпты.
Қожанасыр:
– Менің есегімді көрдің бе? – деп жоқ қарап жүргенін айтыпты.
– Ия, көрдім. Есегің мынау бір қаладағы мешітке сопылық міндетін өтеп жүр, - депті.
Қожанасыр:
– Дұрыс, дұрыс, мен де оған жастайынан құлағынан сыбырлап «сопы боларсың» деуші едім,– деп Қожанасыр есегін қайтып іздемей құрдасымен бірге кете беріпті.
Қожанасыр мен баласы
Қожанасырдың баласы құдық басында отырып нан жепті де, құдыққа нанын түсіріп алып, айқайлап жылай беріпті. Үйден жүгіріп шыққан Қожанасыр:
– О, не болды, не болды? – депті.
Баласы солқылдап жылап:
– Наным құдыққа түсіп кетті,– дейді.
Қожанасыр құдықтың түбіне үңіліп, суға түскен өзінің суретін көреді де ашуланып:
– Жас баланың нанын тартып алып жегенше, өле қалсаң болмай ма? – деп жерді бір теуіп, жүре беріпті.
Емдеуші мен қасаптың айырмасы
Бір күні жұрт жиылып Қожанасырдан әңгіме сұрайды:
– Емдеуші мен қасаптың арасында қандай айырмашылық бар?
Қожанасыр:
– Қасап әуелі сойып, соңынан терісін алады, ал емдеуші әуелі терісін сыпырып, соңынан өлтіреді де тынады,– депті.
Сурет aruna.kz сайтынан алынған