- Негізгі бет
- Езутартар
- Қожанасыр қызықтары...
Қожанасыр қызықтары
Қожанасыр - түркі халықтарына ортақ тұлға. Күлдіргі әңгімелердің кейіпкері туралы қызықтар қазақ даласында кең тараған. Солардың бір парасын назарларыңызға ұсынамыз.
***
Қожекең бірде бояу шеберханасын ашады. Шеберханаға келіп-кетіп жатқандардың бірі Қожекеңді мұқатпақ болып:
— Қожеке, мына бір затты ешкім естімеген, ешкім көрмеген яғни, қара да емес, ақ та емес, көк те емес, қызыл да емес, сары да емес, жасыл да емес, қоңыр да емес, сұр да емес, бір түске бояп берші, — дейді.
Қожанасыр оның кекесінін түсіне қояды:
— Жарайды, айтқаның болсын, тастап кет.
— Қашан келейін? — дейді анау, қулығын асырдым деп мәз болып.
— Қашан келсең де өз еркің. Бірақ сен келетін күн дүйсенбі де, сейсенбі де, сәрсенбі де, бейсенбі де, жұма да, сенбі де, жексенбі де болмасын, — дейді сонда Қожанасыр.
Ақыл кемдігі
Бір күні Темірлан Қожанасырмен әңгімелесіп отырып, Қожекеңнің шапанының бір кішкентай жыртық жерін байқап, соған саусағын тығып айналдыра береді. Жыртық ұлғая түседі. Әңгіме желісімен Темірлан:
- Қожеке, осы адам баласының ақылы кемігені қай уақытта білінеді? – деп сұрайды.
- Бәлкім, жанында отырған адамның шапанын саусағымен тескен заманда болса керек, - деген екен Қожа.
Айды аспанға бір шығардым
Қожанасыр бір күні әбден шөлдеген соң су алып ішпек болып, түнде құдыққа барады. Құдыққа қауға салып тартса, шықпайды. «Бұған не болды?» - деп, Қожанасыр үңіліп қараса, құдықтың түбінен ай көрінеді. «Ә, қауғам айға ілініп қалған екен ғой», - деп, Қожа жұлып тартып қалғанда, қауғасы шығып кетеді, өзі шалқасынан түседі. Жерге басын соғып, есеңгіреп қалған Қожанасыр әлден уақытта көзін ашса, ай аспанда тұр. Сонда Қожекең қуанып:
- Не болса, о болсын, айды аспанға бір шығардым-ау! - депті.
Бір шелек көл
Әпенді мен Алдаркөсе Ыстықкөл жағалауын айналып жүр екен. Алдаркөсе Әпендіден:
— Қожеке, мына көлдің суы неше шелек шығар екен? — деп сұрапты.
Әпенді ойланбастан:
— Осы көлдей шелек тапсаң, бір-ақ шелек шығады, — деген екен.
Есегім көрінбей ме?
Бірде Қожанасыр өзінің мініп жүрген есегін жоғалтып алады. Онысын өзі жаяулатып іздеп жүреді. Бір кезде ашық тұрған қораны көреді де, солай қарай тарта жөнеледі. Қораға кіріп, ішін аралап жүргенде, бір қыз бен жігіттің сүйісіп тұрғанын байқап қалады. Жігіт өзінің қызына:
- Мөлдіреген көздеріңнен дүние көрінеді! – деп айтады. Сол уақытта Қожа атып шығып:
- Менің есегім көрінбей ме? – десе керек.
Н. Айдархан