Біз өткір қалжыңымен танылған Қожанасыр бейнесін жақсы білеміз. Ісі кері кеткен адамды қазақ "Қожанасыр" деп те атап жатады. Сонымен Қожанасыр деген кім?
Қожанасыр – Орта Азияны мекен еткен түркі халықтарына ортақ бейне. Ол күлкілі, қалжыңға толы әңгімесімен танылған. Қоғамның өткір мәселелерін күлкіге айналдырып, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын әзілмен айтқан кейіпкердің туған жері мен ұлты жайын дөп басып айту қиын. Тіпті Қожанасыр өмірде болмаған, халық ойлап тапқан кейіпкер де болуы мүмкін.
Араб, парсы, түрік, қытай және Орта Азия (соның ішінде қазақ) әдебиетінде Қожанасыр айтқан қысқа қалжың әңгімелер бар. Бұл әңгімелерде Қожанасыр үй-күйі жоқ, қу, әпенді, аңқау, өткір тілді әзілқой адам бейнесінде көрінеді. Қожанасыр қоғамдағы түрлі келеңсіздікті әшкере етіп, өскелең ұрпақты жақсылыққа баулыған.
Қожанасырдың негізгі бейнесі – кез келген жағдайдан сөз бен қалжың көмегімен сытылып шығу. Әпенді бейнесінің ажырамас бөлігі – оның есегі. Есек кейде қалжыңның бас кейіпкері болса, кейде Қожанасырдың серігі ретінде көрінеді. Әлемнің көптеген елінде әпендіге ескерткіш қойылған. Соның бірі Өзбекстандағы Бұқара қаласында тұр.
Бұқарадағы ескерткіш (сурет: Agentika.com)
Қожанасыр қалжыңдары бүгінгі таңда да өзекті. Қазақ сахнасынан Қожанасыр туралы қойылымды көруге болады, ол туралы мультфильм түсірілген.
Әдебиетімізде Қожанасырға ұқсас Алдаркөсе образы да бар.