Бұл аңызды бәрі білуі тиіс. Бүгін осынау тағылымы мол, ескірмейтін аңызды назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Баяғыда біреу той жасапты, тойға көп кісі жиналыпты, Қожа да келіпті. Қожанасырдың үстіндегі киімі жаман екен. Қожанасырды ешкім елемепті. «Төрге шық, тамақ іш», - демепті. Қожа үйден шығып кетеді де үйіне барып, тәуір киімдерін киіп, қайта келеді. Бұл жолы үй иесі Қожанасырды құрметтейді, төрден орын береді, ет келгенде:
- Қожеке, алыңыз, алыңыз! - деп, қошеметтейді. Қожа етті жемей, табаққа шапанының жеңін малып:
- Же, шапаным, же! - деп, отыра береді.
Үй иесі:
- Сіздің бұл не қылғаныңыз? Шапан ет жейтін бе еді? - дейді.
Сонда Қожа:
- Сен кісіні сыйламайды екенсің, киімді сыйлайды екенсің. Сондықтан шапаныма жегізіп отырғаным! - деп, жауап береді.