Адам – өз әдетінің құлы. Роберт Кийосакидің айтуынша, өмірді тек әдеттерімізді өзгерткен жағдайда ғана басқа арнаға бұра аламыз. Алайда мәселе қоғамға ортақ әдет туралы болып жатса ше? Көпшіліктің арасында қалыптасып қалған стереотиптерді өзгерту қиынға соғады. Мүмкін ол әдеттерді білген соң, бірге өзгертіп көрерміз.
1. Шегі жоқ наразылық
Кейбір адамдардан жақсы сөз естімейтініміз соншалық, тіпті, «қалың қалай?» деп сұрауға қорқамыз. «Сол бітпейтін жұмыс, үйдегілер де мазамды алды, ақшам жетпей жатыр», - деген секілді сөздер айтып, қарапайым әңгімені шағым айтатын мекемеге айналдырып жібереді.
Әрине, уақыт өте келе ішіміздегі уайымды сыртқа шығаруымыз керек. Алайда оны күнделікті әдетімізге айналдырған жарамас. Ол әдетімізге айналған жағдайда қолдау іздеу мақсатында емес, адамның назарын өзімізге қарату үшін айтатын боламыз.
2. Монолог орнына диалог
Жасандылық таныту – адамның ең осал жері. Мысалы, «Сен кім болып жұмыс істейсің?», - деген сұраққа -, «Massaget.kz сайтының контент-менеджерімін», - деп жауап берді делік. Алайда бұл сөздің мағынасын түсінбеген 70% адам «А, түсінікті» деп жауап қайырады.
Ақымақ, білімсіз болып көрінуден қорықпаңыз. Бір нәрсені түсінбесеңіз, міндетті түрде мағынасын сұраңыз. Тек осы жағдайда ғана диалог құрастыруға болады.
3. Жұмысбастылық
Өкінішке орай, біз өмір сүріп отырған заманның ырғағы осындай. Бір уақытта бірнеше жұмыс жасаймыз.
Біреумен жәй әңгімелесіп отырғаннан сіз үшін әлеуметтік желідегі суретіңіздің астына жазылған пікірлер, лайк саны маңызды. Жақындарыңызбен бетпе-бет әңгімелесіңіз. Бүгінгі күн, бүгінгі сәт енді қайтып келмейді.
4. Жақындарға бей-жай қарау
Жұмыстан немесе сабақтан қатты шаршап келсеңіз де, отбасы мүшелері сіздің жылы сөзіңізге, қамқорлығыңызға зәру. Әдетте осыны түсінбей үндемей отырып кешкі тамағымызды ішіп, теледидардан телехикая көруге кірісеміз. Жаныңыздағы адамға бірнеше минутыңызды бөлу арқылы қарым-қатынастарыңызды реттей аласыздар.
5. Орынсыз сын айту
«Көзің ісіп кетіпті ғой – ұйықтамағансың ба?», «Мәссаған, семіріп кетіпсің ғой!» - егер әрдайым осы секілді шындықты айту керек деп ойласаңыз, қателесесіз. Әр адам өзінің кемшілігін біледі, бірақ оған тағы бір мәрте еске салып жатудың қажеті жоқ. Ал егер жағымсыз пікірді айта беретін болсаңыз, танысыңыздың көңіл-күйі мен араларыңыздағы қарым-қатынас бұзылады.
6. Қылымсушылық
«А, жоға, бұл менің ескі киімім ғой!» - бұл сөздер сізге таныс па? Көп жігіттер мен қыздар қошемет сөз айтып тұрған адамға осылай жауап қайтарып, оны ыңғайыссыз жағдайға қалдырады. Шындығында, адам қошемет сөзді үдете түсу үшін осылай айтады екен.
Қошемет сөз естісеңіз, «рақмет» деп қысқа ғана жауап қайтарыңыз.
7. Сөзді бөлу
Біреу өз ойын жеткізіп жатқан кезде жарыстан қалып қалмайын деген әдетімізбен сөзін бөлеміз де, өзіміз сөйлей жөнелеміз. Тіпті, Sulpak сынды техника дүкендерінде сатушы кеңескер мамандардың сөзін аяқтауға мүмкіндік бермейміз. Немесе бұл жағдайды қарапайым жұмыста болатын апталық жиналыстан да байқауға болады.
Осы әдетіңізбен сөзін бөліп қана қоймай, өзімдікі ғана дұрыс деген пікірді ұстанған боласыз.
8. Селқостық
Селқостықтан артық жаман қасиет жоқ. Егер бір нәрсенің әдемі, кербез, ерекше екенін байқасаңыз, өз ойыңызды айтудан қорықпаңыз. Дәл осылай адамның қиындықтарына немқұрайлы қарамаңыз. Әрдайым қолыңыздан келген көмекті аямаңыз.
9. Бәріне жағымпаздануға тырысу
Барлығына бірдей ұнау мүмкін емес. Мұны шындық деп қабылдаңыз. Әйтпесе өз-өзіңізді жоғалтуыңыз мүмкін.
Жасандылық танытпаңыз. Қалаған ісіңізбен айналысыңыз. Және сіздің ісіңізді ұнатпайтын жандардың болатынын ұмытпаңыз.
10. Үнемі кешігіп жүру
Техниканың қарыштап дамыған заманында өмір сүріп жатсақ та, уақытқа анықтама бере алмай келеміз. Жалпы оның не екенін білмесек те, біз үшін қымбат екені белгілі. Мысалы, жалдамалы ұстазыңыз сабақ үйрету үшін межеленген уақытта келгенде сіз ұйықтап жатсаңыз, оның уақытын шығындайсыз. Бір күнге құрып қойған жоспарын құртасыз. Сондықтан уақытты үнемдей біліңіз. Әрине, қыздың кездесуге кешігіп келуі басқа әңгіме...
Жоғарыдағы қоғамға, әсіресе қазағымызға тән жағымсыз әдеттерді біреуден байқап қалсаңыз, шын көңіліңізбен өзгертуге тырысыңыз. Жаны мен жүрегі таза адам қашан да бақытты болады.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: вк желісінен