Қаламгерлердің қағытпа әзілдері

Қаламгерлердің қағытпа әзілдері

Ел аузында қарымды қаламгерлердің қағытпа әңгімелері мен тауып айтқан сөздері көп. Сөзге шебер, әзілге жақын жазушылардың езуге күлкі үйірер ұтымды жауаптарының бір топ әңгімелерін ұсынамыз.

Абайдан бастаймын ғой...

Ұлы Отан соғысының 40 жылдығы қарсаңында, ақын Бақыткерей Ысқақовтан әріптесі Серікбай Оспанов Жеңіс туралы өлеңдер жинағын құрастырып беруін сұрайды. Ол ойланбастан:

- Жарайды, әдеттегідей Абайдан бастаймын ғой, ә - деп сұрайды.

Сонда Серікбай:

- Иә, Абайдың «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қоймасынан» бастарсың, - депті әзілдеп.

http://img0.liveinternet.ru/images/attach/c/1//55/635/55635136_1267027561_9858bc6a2d7328f1dae80bb0e14619a3.gif

Этнограф ғалым, жазушы, сатирик Сейіт Кенжеахметов досы Төкен Елтебаевтың «Жигули» машинасына отырып, екеуі Амангелдіге бет алыпты. Төкен аға асықпай жүреді екен, бұларды артынан келген машиналардың бәрі басып озып кете беріпті. Бірақ оған сасатын Төкең аға жоқ. Ақыры жететін жерге жетіпті-ау.

- Иә, қалай жақсы жеттіңдер ме? – депті бұлардан жігіттер.

Сонда Сейіт Кенжеахметов:

- Арқалықтан шыға біз де қырықпен сілтедік. Бірақ, бізді самосвал да басып озды, бензовоз да басып озды, трактор да басып озды! Болмаған соң қырық беспен сілтедік! Сол бетімізбен екі бірдей машинаны басып озып тарта бердік. Артыма қайырылып қарасам, екеуі де тоқтап тұрған машина екен, - депті.

анимашка смайлики

Университеттегі оқудан кейін жұмысқа орналасу үшін Алматыға тіркеуге тұру керек. Қиналып жүрген Кәкен Қамзинге атақты диктор Әнуарбек Байжанбаев қол ұшын береді. Сол кездегі Комсомол көшесіндегі өз үйіне пропискаға отырғызады. Енді оны жуу рәсімі бар емес пе. Әнекең өзінің досы – Әнуар Әлімжановтің туған ағасы – Қазақ радиосының дыбыс режиссері Абдолла Қылышбаевты қосып алады. Жүре келе «Қазақфильмнің» режиссері Абдолла Қарсақбаев ұшыраса кетеді. Жүргенге жөргем ілігеді демекші, тағы бір орамнан өте бере алдарынан «Қазақтелефильмнің» режиссері Тұраш Ыбыраев шыға келеді. Сонда Кәкен ағаларына қарап:

- Енді Лукино Висконти  мен  Федерико Феллини келмей тұрғанда, тездетіп мына «Есік» ресторанына зып берейік, – депті.

яркая линеечка

Балуан Сәбит

Сырбай Мәуленов 1949 жылы Солтүстік Қазақстандағы Сәбит Мұқановтың туған ауылына обкомның өкілі ретінде екі рет іссапармен барады. Бір жолы жер жыртып, дән сеуіп жатқан кезде барады да, екінші жолы астық жинау науқанына қатысып қайтыпты.

Соның алдында Сәбең туған аулына өз қаражатына бір жүк машинасын сатып алып берген екен. Сол машина жиын-терім науқанында кәдеге жарап, 11 мың пұт астық тасымалдайды.  Аудан, облыс көлемінде мақталып, сөз болады. Әрине, Сәбеңнің аты да талай мәрте құрметпен аталады.

Сырағаң Алматыға келген соң Сәбеңе жырдай ғып айтып берсе керек. Сонда Сәбең қатты толқып:

- Апырмай десеңші, Балуан Шолақ 51 пұт кірдің тасын көтердім деп мақтанып өлең жазып еді, мен 11 мың пұт көтерген болдым ғой онда! - деген екен.

Белгілі драматург Қапан Сатыбалдин мен ақын Сырбай Мәуленов бірде сапарлас боп, ел жаққа жол тартып бара жатады. Ұзақ жолда Қапекең жазып жатқан өзінің жаңа бір пьесасының желісін ұзақ-сонар әңгіме етеді. Сөз арасында:

– Пьесада төрт қазақты өлтіргеніме қалай қарайсың, Сырбай... Осыным артық емес пе? – деп сұрапты ұйқылы-ояу отырған Сырбайдан:

Сонда Сырағаң, бүлк етпей:

– Қапеке, бүкіл қазақты қырып тастасаңыз да еркіңізде ғой, – деп жауап беріпті.

яркая линеечка

Халық композиторы Шәмші Қалдаяқовқа ел-жұрты ерекше құрмет көрсетіп, су жаңа кәстөм-шалбар кигізеді. Алматыға келгесін сол жаңа киіммен достарына соғады да, түнделетіп үйіне қайтып келе жатса көшенің бұзықтары ұстап алып:

- Шешін! - дейді.

- Әй, жігіттер, мен Қалдаяқовпын ғой.

- Бізге Қалдаяқов емес, қара кәстөм керек! – дейді әлгі әпербақандар. Сонда жарықтық Шәкең:

- Айналайын халқымнан, өзі киіндіреді, өзі шешіндіреді. Жұртым аман болсын! - деп шешіне бастаса керек…

http://img0.liveinternet.ru/images/attach/c/1//55/635/55635136_1267027561_9858bc6a2d7328f1dae80bb0e14619a3.gif

Депутаттың руы

Ақын Қадыр Мырза Әли бір кездері Жоғарғы Кеңестің депутаттығына кандидат болып тіркеліп, сайлаушылармен кездесу өткізіп жүреді. Бір елді мекендегі кездесуден соң, совхоз директоры Қадекеңнен руын, не ел екендігін сұрайды. Ақын жорта аңғармаған болып, жауап бере қоймайды.

Кездесуден соңғы дастарқан үстінде әлгі сауал тағы қайталанады. Сонда сөз тапқыш Қадыр ақын:

– Қарағым, дейді. – Депутатта ру болса, болатын шығар, ал депутаттыққа кандидатта ру болмайды ғой, – деп әлгі кісіні сөзден тосыпты.

Дарабоз бен паровоз

Өнер адамдары бас қосқан шағын отырысты жазушы Қали Сәрсенбай жүргізіп отырса керек. Жақсы әсерде отырған ол ретті сөз кезегі келгенде атақты актер Асанәлі Әшімовті дәріптеңкіреп:

– Сіз дарабозсыз, деп қолпаштап сөз бастайды да дереу тілін тістей қояды. Өйткені тап сол дастарқанда атақты ақын, классик жазушы, жасы да үлкендеу Қадыр Мырза Әли де отыр еді. Әлгі сөзінен қарадай қиналған Қали аға сөз тауып:

– Асағаң – дарабоз болса, Қадыр аға, Сіз – паровозсыз, – деп тапқырлық танытып кетеді.

анимашка смайлики

Күндердің күнінде сатирик Көпен Әмір-Бек өзінің су жаңа “Нива” көлігімен келе жатса, Садықбек Адамбеков жолай ұшырасып:

- Мәшинең құтты болсын, мені үйге апарып тасташы, - дейді қолқалап. Жасы үлкеннің сөзін жерге тастамайтын Көпекең қарсылықсыз келіседі. Сәкеңнің әдеті сол, көлік атаулының алдына отырмайды екен. “Ниваның” есігі екеу-ақ. Артына отыру үшін алдыңғы есікті ашып, орындығын ілгері құлатып, адамдар үңгірге кіргендей тоңқаңдап артына бауырлап өтеді. Сәкең де сөйтеді.

Үйінің есігінің алдына әкелген соң көрімдік дәметкен Көпен:

- Аға, көлігім қалай екен? - дейді.

Сонда Садықбек Адамбеков:

- Отлично! Мінген адамды құйрықтан теуіп мінгізіп, сақалдан сүйреп шығарады екен! - депті…

Бақытжан Момышұлының зайыбы Зейнеп апайдың “Бөбек” қорында қызмет етiп жүрген кезi екен. Үйден гөрi iссапармен түзде жүретiнi көп. Сондай күндердiң бiрiнде: “Сенiң күтiмiңе көңiл бөле алмай кеттiм. Бәлкiм, екеуара бiр тоқал алармыз?” – дептi апай. Сонда Бақытжан аға: “Бiр пәледен құтыла алмай жүрiп, екiншiсiн қайтемiз?” - деген екен.

http://img0.liveinternet.ru/images/attach/c/1//55/635/55635136_1267027561_9858bc6a2d7328f1dae80bb0e14619a3.gif

Ет аз емес...

Бірде ақын, журналист Алмат Исаділ заманның заңғар ақыны Маралтаймен ілесіп, Таразға тартып кетеді. Түнделетіп Тараздағы Маралтайдың аға-жеңгесінің үйіне түседі. Келсе, дастархан жаюлы, ет асулы екен. Бірақ, Маралтайдың жеңгесі қайнысының қонақ ертіп келетінінен бейхабар еді. Содан «әй, Маралтай, ақын інімді ертіп келе жатырмын, қасымда қонағым бар деп ертерек ескерсең, етті де молынан асып қояр едім. Өзіміз болған соң, қайдан білейін...Қап, әттеген-ай, етіміздің аз боп тұрғаны» – деп жеңгей қысыла береді. «Ет аз боп қалды» деп ыңғайсызданып тұрған үйдегі жеңешемізді жұбатпақ болған Алмат бір кезде: «Жеңеше, қысылмаңыз, етіңіз аз емес, просто табағыңыз үлкен екен» - депті. Шынында да тараздықтар асты үлкен легенге салатыны бар.

Топтастырған: Анар Мұстафина

Сурет: vk.com

A. Mustafina