Қаламгерлер қалжыңы

Қаламгерлер жүрген жерде қалжың қалсын ба?! Бұл кісілер жайлы әзіл әңгімелер аңыз боп тарап жатады. Сондай бір ұтымды, тапқыр қаламгерлердің айтқыштығы жайлы ел аузында, баспасөз бетінде жүрген біраз дүниелерді жинақтадық. Күлкі күні құтты болсын. 

***

Ер-әйелдің бір-біріне қажеттілігі туралы әйгілі америкалық жазушы Роджер Джозеф Желязныдан бір әйел:

- Әйелдің еркекті қажет ететіні секілді, еркек те шынында әйелге мұқтаж ба? – деп сұрапты.

- Әйел не үшін қажет деп білесің? – деп қайтара сұрақ қойыпты жазушы.

- Егер өмірде әйел болмаса, еркек жыртылған шалбарын кімге жаматар еді?

- Егер өмірде әйел болмаса, шалбар да жыртылмас еді, - деген екен.

***

Орта жастан өтіп қалған бір ақсүйек әйел Бернард Шоудан:

- Сізше мен неше жастамын? - деп сұрайды.

- Мәрмәр тістеріңізге қарасам, 18 жаста секілдісіз, бұйра шашыңызға қарасам, 19 жаста секілдісіз, ал буынып алған қынай беліңізге қарасам, ұзаса 14 жаста шығарсыз, - депті. Әлгі әйел қуанғанынан:

- Нақты жасымды айтып бере алмадыңыз, - десе, жазушы:

- Енді жоғарыдағыларды қоспайсыз ба? - деген екен. 

***

Ақын Ұлықбек Есдәулетов бірде америкалық бір досын Алматыдағы ұлттық тағам жасайтын асханаға ертіп апарады. Арнайы тапсырыспен алдыға бір табақ ет келгенде, америкалық шанышқымен іліп-шоқып жейді де, Ұлықбек қолмен асайды. Бұған таңданған америкалық жігіт: 

- Сен өз халқыңның озық ойлы зиялы өкілісің. Етті неге шанышқымен жемейсің? - деп сұрақ қояды. 

Сонда Ұлықбек:

- Достым менің, сен ұстап отырған андағы шанышқымен бұл асханада күніне кемінде жүз адам тамақ ішеді. Ал менің «шанышқым» тек өзіме ғана қызмет жасайды - деп, саусағына ілген етті асап жіберіпті. 

***

Қазақтың көрнекті ақыны Мұзафар Әлімбаев «Балдырған» журналын отыз жылдай басқарады. 1987 жылы Мұзағаң құрметті демалысқа шығып, оның орнына бас редакторлыққа ақын Тұманбай Молдағалиев тағайындалады. Ауыс-күйіс болып жатқан осындай шақта «Балдырғанның» жауапты хатшысы Сұлтан Қалиев көшеде фольклоршы-ғалым, балалар ақыны Бүркіт Ысқақовты кездестіріп қалыпты. 

- Иә, Сұлтеке, ауылыңда не жаңалық? - дейді Бүкең.

- Ешқандай жаңалық жоқ, - дейді ойына ештеңе алмаған Сұлтан. Сонда Бүкең:

- Жаңалық жоқ дейсің, «Балдырғанның» отыз жыл бойғы мұзы еріп, енді басына тұман түсіп жатқан көрінеді ғой, - депті жымиып.

***

Баяғыда Қарағанды облысында қазақ әдебиетінің күндері өтетін болып, бір топ қаламгер сонда барады. Араларында Қалтай Мұхамеджанов, Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкей, Қалмұқан Исабаев, ақындар Сабырхан Асанов, Темірхан Медетбеков, тағы басқалар бар екен. Үшінші күні қаламгерлер екі топқа бөлініп, бірі Егіндібұлақ, енді бірі Тельман ауданына баратын болып келіседі. Кімді қай жаққа бөлерін білмей облыс басшылары дағдарып тұрған тұрған кезде, қалжыңдамай жүре алмайтын Қалмұқан: 

- Қалмұқан, Қалихан, Оралхан, Темірхан, Сабырхан сияқты «хандар» мынау автобусқа отырыңдар! Ал Қалтай, балтай, шалтайлар анау автобусқа барсын! - деп жұртты ду күлкіге батырыпты.

***

Бір жолы Баспасөз үйінде Мұзафар Әлімбаев бастаған бір топ кісі лифтіге отырған кезде, Кәдірбек Сегізбаев сыймай қалса керек. Ол қысылып-қымтырылып, кимелеп кірмек болады. Сонда Мұзағаң оған қарап:

– Кәне, осы арада ойланбай бір мысал айтшы, ала кетейік, – дейді.

Кәдірбек те саспастан:

– Жазатыны мақал, өзі сондай нахал! – деп тартып қалыпты.

Ал Мұзағаң болса:

– Оттапсың, оны Тайыр айтқан! Өзіңнен көр. Сен қалдың, біз кеттік, – деген екен.

***

Журналист Арыстан Рүстемов «Жетісу» газетінде қызмет етіп жүрген кезде, университетте оқитын болашақ журналист Жолбарыс Әбішев екеуін бір жігіт редакция бөлмесінде таныстырады. Үстелде отырған Рүстемов орнынан тұрып:

– Арыстан, – деп қолын бірінші ұсынады. Ал жас жігіт Әбішев:

– Жолбарыс, – деп жымың ете қалады. Мінезі салмақты, сөзге сараң Арыстан Рүстемов оның бетіне біраз уақыт қарап тұрып:

– Бала, мұныңды қой! – деп ренжіңкіреген екен.

***

Көрнекті қазақ ақыны Тұманбай Молдағалиевтің бірде Жапония еліне жолы түсіпті. Сол сапарынан Тұмекең әйеліне сыйлыққа әсем безендірілген желпуіш ала келеді.

– Тұмаш, Жапониядан әкелген әлгі желпуішіңді сындырып алдым, – дейді оған бірде әйелі.

– Сынып қалғаны қалай? – дейді Тұмекең таңданып.

– Білмеймін… Әйтеуір сынып қалды.

– Жапондар сынатын дүние жасамаушы еді ғой. Сен онымен қате желпіген шығарсың?

– Қате емес, кәдімгідей былай желпідім, – деп әйелі алақанымен желпіп көрсетеді.

Сонда Тұмекең мырс етіп:

– Жапонияның желпуішімен олай желпімейді. Желпуішті ұстап тұрып, басты былай шайқайды, – деген екен.

***

Белгілі режисер, актер Асанәлі Әшімов бірде таксиге мінеді. Асанәлінің жанында баласы Сағи болса керек. Тиісті жерге келіп есеп айырысқанда 2 сом 18 тиынның орнына Асанәлінің ұсағы болмайды да, 2 сом 15 тиын беріп шыға береді. Бұған ыңғайсызданған Сағи:

 – Әке, мен сіздің орныңызда болсам, 3 сом берер едім, –  депті. Сонда Асанәлі:

 – Әрине, сен 3 сом бере аласың, өйткені сенің әкең бар, ол саған жоқшылықтың не екенін білдірмей өсірді. Ал мен болсам, әкесіз көк жетіммін! –  деген екен.

***

Әйгілі күйші Әбікен Хасенов қайтыс болады да, марқұмды жерлеу комиссиясын басқару Шәкен Аймановқа тапсырылады. Шәкең Әбекеңді жерлеу рәсіміне қаржы сұрап, тиісті қызметте отырған Асқар Закаринге келеді. Жағдайды айтады да, бес мың сомға рұқсат етуін сұрайды. Сонда А. Закарин:

 –  Шәкен-ау, бес мың сом бір адамға көптеу емес пе? – деп тартыншақтаса керек.

Шәкен болса іле тіл қатып:

 – Асеке-ау, бір бес мың сом үшін тағы да біреуіміз өлуіміз керек пе! – деп, қалағанын алып шығыпты.

***

Жазушылар одағындағы кезекті бір жиналыста бір жас ақын сөз алып, Сәбит Мұқановқа тиісе сөйлейді. Қыза келгенде Сәбит Мұқанов ақын емес дегенді айтады ғой. Сонда Сәбит тұрып:

 – Жаңағы бала дұрыс айтады. Жас кезімде мен де Абайды ақын емес дегенмін, –  деген екен.

***

Бірде ақын Мұхтар Шаханов: «Менің отырып оқыған оқуым сегіз-ақ класс. Басқасының бәрін сырттай оқыдым» депті. Сонда жазушы Кәдірбек Сегізбаев тұрып: «Білімсіздігіңді мойындаудың өзі білімділік» деген екен.  

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: nur.kz