Бүгінгі күнде айтыс өнерінің тасын өрге домалатып жүрген Жүрсін Ерманның есімі ел жадында ұзақ сақталары һақ. Айтыс өнерінің жүргізушісі ретінде танылған ағамыздың ақындығы, ұйымдастырушылығымен қатар айтқыштығы да бар екен. Орайы келген сөзді ойына қорытып тура айтқанда не күлеріңізді не жыларыңызды білмей қалуыңыз мүмкін. Нақты жауап беріп, қарсыласын бірден нокдаунтқа жіберетін ағамыздың талай сөзін бірі білсе, бірі білмейді.
Пародия саласына Жүрсін Ерманды салып келген Олжас Сыдықбек бүгінгі таңда өзі бір төбе болды. Тамаша әзілдеріне айтыс жүргізушісінің дауысын келтіріп орындағанда көпшілік қауым шынымен Жүрсін аға ма деп таңғалысып жатады. Студенттік шағын тәмамдап, радиоға жұмысқа барған Олжас Сыдықбек бұл кісімен талай уақыт бірге болған екен. Сол уақыттағы асыл сөздерді сары майдай жадында сақтап, мерейлі тойына шашу ретінде арнапты. Сонымен Жүрсін ағаның әр жерде жүре айтқан қызықты әңгімелеріне құлақ түріңіздер.