"Мен ұрлық жасаған күні ай жарық болды" деген мәтел біз әңгімелейтін кейіпкерлерімізді дәлме-дәл ашып береді. Барлығын жіті назарға алмай асығыс жасап, кейіннен өздерін тауып берер дәлелдерді соңдарына қалдырған ұрылар да тарих бетіне өзінің есімін жазған екен. Сонымен қыруар қаржыға кенелемін деп алаңғасарлық танытқан жандардың қызықты естеліктерін тізіп көрейік.
1995 жылдың тамыз айында Клаус Шмид есімді неміс азаматы Берлин қаласындағы белгісіз бір банкті тонау операциясына кіріседі. Зал ішінде барлығы кинодағыдай болады. Алайда, Шмидтің мықты ұры еместігін байқаған банк қызметкерінің бірі: "Сізге қап керек емес пе?" деп дауыстап жібереді. Сол кезде Клаус: "Сен шынымен де дұрыс айтасың, бұл расында да керемет қару" деп жауап қайырады. Құлағының мүкісі бар екендігін түсінген басқа қызметкерлер дабыл қаққышты іске қосады. Оның дауысы қанша қатты шықса да, ұрының құлағына бір жетпейді. Полицейлердің келуімен Клаус Шмид ұсталады.
2008 жылы америкалық Рубен Зарат есімді 18 жасар жігіт Чикаго қаласының бір дүкенін тонауға кіріседі. Алайда, кассадағы қаржының аз болғандығынан сатушы менеджердің келетін уақытына дейін күтуді сұрайды. Бұған ашуланған Зарат өзінің нөмірін қағазға жазып, келген уақытта хабарласуын ескертеді. Оның ойынша әбден қорыққан қызметкер оған хабарласуы тиіс еді. Бірақ аңғалдығының арқасында екінші рет қайта оралған Рубен Зарат дүкен алдында тосып тұрған полицейлерді көреді. Сол уақытта қос жақтың қақтығысы орын алып, соңында ұры құрықталады.
Канаданың Небраска штатындағы Омаха қаласында қызықты оқиға орын алған. Таңертең 8 жасар баласын мектепке апаруға дайындалған Мелисса Питерске ауласында бөгде біреу тапанша кезеніп, көліктің кілтін беруді талап еткен. Ешқандай қарсылықсыз сұрағанын берген әйел ұлын алып қаша жөнелген. Көлікке отырып, жүруге әрекет жасаған жігіт тұлпардың механикалық каробкамен екенін кейіннен түсінген. Ондай мәшинені бұрын-соңды жүргізіп көрмеген жігіт жарық пен алдыңғы терезе сүртетін қондырғының тетіктерін басып көріп, оқиға орнынан тайып тұрған. Мұның барлығын бақылап отырған Мелиссаның көршісі полицияға хабарласып мән-жайды түсіндірген. Опық жеген ұры көп ұзамай жақын маңнан ұсталған. Сонымен қатар оның қолындағы тапанша да жалған болып шыққан.