- Негізгі бет
- Езутартар
- "Жайдарман-2017" Жыл чемпионы...
"Жайдарман-2017" Жыл чемпионы анықталды
«Шабытты маусым» деп аталған Жайдарманның он үшінші жылдық ойыны да осы жылды толықтай қорытындылады. Маусымашардан басталған негізгі 5 лиганың барлығында ақтық ойындар өтіп, әр лигада осы жылдың чемпиондары анықталды.
Жайдарманның ең негізгі лигасына айналған «Жоғары лига» 29 қарашада финалдық ойынды өткізді. Жылдың басында 20 топтың қатысуымен басталған бұл бәйгенің соңғы турына бабы мен бағы қатар жанған 5 команда қатысты. Ақтық кезеңге жолдама алған жұлдызды топтардың әрқайсының өзіндік әзілдеу стилі және өздерінің жанкүйерлері бар. Сонымен, финалда ойнаған командалар.
2016 жылы жайдарман сахнасына шыға сала, бірден жоғары лигаға тап болған топ – «Элемент». Семей қаласының жастарынан құралған команда аз уақыт аралығында өз көрермендерін жинап үлгерді. Жартылай финалдық ойында суырылып алға шыққан семейліктер маусым бойына керемет қарқынмен өнер көрсетуде.
Шымкент қаласының атауын командаларының атымен сәйкестендірген «Шымкент жастар құрамасы» маусым басынан жоғары лигаға лайықты жоғары дәрежеде өнер көрсетіп келді. Еңбекқорлықтарының арқасында жартылай финалдық ойында қосымша жолдама арқылы ақтық мәреде ойнау бақытына ие болды.
Биылғы финалдық ойынның әрін кіргізген шымкенттік жастардың қатары көп болды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Байдың балалары» тобы маусым бойына мықты өнер көрсетті. Алдыңғы жылдың ең үздік ойыншысы атанған топ мүшесі Ұлан Мамырұлы, небәрі 20 жасында Қазақстанның жарық жұлдызына айналып үлгерді.
Ақтық мәреде Атырау қаласының намысын қорғаған жалғыз топ - «Сағыз». 6 команданың ішінде ең тәжірибелі сағыздықтар биыл стильдеріне көп өзгертулер енгізген. Барынша жаңашыл бағытқа көшкен бұл топ маусымды керемет қарқынмен бастады.
Командалар арасындағы фаворит жетісайлық «Сырдария» командасы. Былтырғы жылы екінші орынға табан тіреген сырдариялықтар маусым басталғалы бері келесі кезеңге өту үшін тек бірінші орынды иеленді.
Жоғарыда айтылған жайдарман топтары ақтық ойынның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Нәтижесінде, үшінші орынға Элемент, екіншіге Байдың балалары қол жеткізді. Ал, көптен күткен 2017 жылдың чемпионы деген дәреже «Сырдария құрамасына» бұйырды.
Биылғы маусым осылайша тарих қойнауына еніп кетті. Жайдарман – бірнеше жылдық тарихы бар әзіл-қалжыңға құрылған еліміздегі алғашқы жоба. Ол ешқашан тоқтап қалмақ емес. Қазақтың өнеріне барын салып еңбек етіп жүрген дарынды жастарды қолдап, бағыт берген жайдарман бүгінде үлкен мектепке айналды. Әзіл арқылы қоғамның артық-кем тұстары халыққа жетсе, ол да елдің ілгерілеуіне себеп болады. Мақсаттары айқын, бағдарлары биік жастардың әзіл қоржындары таусылмасын.
А. Қажиев