Жауын құртының күнделігі

Жауын құртының күнделігі

20 наурыз

Шешем маған мына үш істі есіңде мәңгі сақта деп отырушы еді:

  1. Жер шары бізге керектің бәрін сыйлады.
  2. Ін қазуымыздың өзі Жер шарына көмектескендігіміз.
  3. Әкем газет жеген кезде оны мазалауыма болмайды.

 

29 наурыз

Бүгін бүйіге жерді қалай қазып кіруді шамам келгенше үйреттім. Бастапқыда оның аяқтары қысылып қалды. Соңынан топырақ жеп қойды. Ертең ол маған қалай төңкеріліп жүруі үйрететеін болды.

1 сәуір

Жауын құрты төңкеріліп жүре алмайды екен.

4 сәуір

Қармақ салу маусымы бүгіннен басталады. Барлығымыз жердің ең тереңіне кіріп кеттік.

10 сәуір

Түнімен жаңбыр жауды, жердің асты-үсті түгел шылқа су болып кетті. Біз бір күн бойы адамдар жүретін жолда жаттық. Үйден безу аса қатерлі ойын ғой.

15 сәуір

Бүгін түскі асты ала жүруді ұмытыппын. Қарным ашып кетті. Сосын үйге қайтқанда орындайтын тапсырмамды амалсыз жей салдым. Мұғалім маған: «Бұдан кейін үйге қайтқанда орындайтын тапсырмамды жемеймін!» деген сөзді он қайтара жаздырды. Жазып болған соң, сол қағазды жей салдым.

20 сәуір

Бүгін бақшадағы балаларға баспалап жақын бардым. Олар менің келгенімді білген жоқ. Алдарынан ирелеңдеп олай да, бұлай да өттім. Олар қатты айғайлады. Мен олардың осындай қорыққан бейнесін көргенді ұнатамын.

1 мамыр

Атам бізге әдеп-иба аса маңызды деп ақыл айтқан. Сондықтан, мен бүгін кезіккен бірінші құмырсқамен «Қайырлы таң!» деп сәлемдестім. Үйірінде одан басқа 600 құмырысқа бар екен. Сосын ол арада тұп-тура бір күн тұрдым.

15 мамыр

Бүгін мен бүйімен төбелесіп қалдым. Ол маған аяғың болғанда ғана атақты боласың деді де, қашып кетті. Оны қуып жете алмадым. Бәлкім, оның айтқаны дұрыс шығар.

16 мамыр

Мен бүйіге күлдіргі айтып бердім. Ол ішек-сілесі қатқанша күлді, ақыры, ағаш басынан құлап түсті. Аяқ болғанда ғана атақты боласың деу бекер сөз!

5 маусым

Бүгін сурет сызу сабағы болды. Біз іші қуыс алма жасадық. Туындымды үйге алып бардым. Үйдегілер оны кешкі тамақ орнына жей салды.

15 маусым

Әпкем өзін асқан сұлумын дейді.

Мен оған: «Айнаға қанша қарағаныңмен, бетің артыңа ұқсас» дедім.

4 шілде

Ержеткен соң шпион болғым келді. Бүйі маған «Абай бол, өйткені, президент сені байқамай басып кетуі мүмкін» деді.

«Бұл қызмет өте қатерлі, - дедім мен, - Бірақ қалайда біреу мұны істеу керек қой».

28 шілде

Жауын құрты болғандықтан, мынадай үш істі ұнатпаймын:

  1. Сағыз шайнағанды;
  2. Ит баққанды;
  3. Өте көп тапсырма орындағанды.

 

29 шілде

Жауын құрты болудың үш жақсылығы бар:

  1. Өмір бойы тіс дәрігеріне бармайсың;
  2. Үсті-басың батпақ-батпақ болып үйге кірсең де, өмір бойы сені ешкім ұрыспайды;
  3. Өмір бойы жуынбайсың.

 

1 тамыз

Жауын құртының да көңілсіз кездері болады. Біздің денеміз кішкентай, кейде көпшілік біздің мұнда бар екенімізді де ұмытып кетеді. Десе де, шешем айтқандай, біздің бар екенімізді Жер шары ғана мәңгі ұмытпайды.

 

Авторы: Дорин Кронин

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: lama.kz

M. Auelkhan