Жымию, күлу адам эмоцияларының ішіндегі халықаралық мейрам ретінде тойланатын жалғыз сезім. Бұл мейрам, яғни күлкі күні әр жыл сайын қазанның бірінші жұмасында тойланады. Адам анадан туа салғаннан бастап күлу қабілетін игереді. Енді ғана дүние есігін ашқан кішкентай нәресте жымиып, сықылықтап күліп жататыны осыған дәлел. Ал, кей ғалымдардың пікірі бойынша, нәресте туғаннан кейін 4-6 аптаның ішінде анасының күлгенін көріп, осы қимылды қайталағысы келгеннен кейін күлуді үйренеді дейді. Адам күлген кезде беттегі 53 бұлшықетті қимылдатады. Күлкі барлық халықта бірдей бақыт пен қуаныштың белгісін білдіреді. Социологиялық зерттеу нәтижесінің қорытындысы бойынша, еркектердің 70% әйелдің әдемі күлімсірегеніне ғашық болады екен. Адам жай ғана күлімсіреудің арқасында көп шаруасын шеше алады. Яғни, өзіңіздің көтеріңкі көңіліңізді айналаңыздағы адамдарға тарата білсеңіз ісіңіз оңға басары анық. Адам күлген кезде жан рахатына беріліп, жамандықты, зұлымдықты ұмытады. Сондықтан, жиі күлімсіреп жүріңіз. Күлкі өміріңізді ұзартсын. Бірақ, күлу керек екен деп, мәдениет ұғымынан алыстап, шектен шығып кетпеңіз.