Демалыс күніне жеңіл әрі әзіл түріндегі жазба қызықты болады деп үміттенеміз. Бүгінгі қаһарманымыз - Сэм. Оның көңіл күйді білдіре алатын әлемдегі жалғыз мысық екенін білесіз бе?
Сэм атты әрқашан да таңғалып жүретін мысықтың таңғалыc мимикасын білдіретін қабағы бар. Театралдық гримге ұқсас қабақ арқылы оның қандай да бір белгі-нышанға қарағанынан таңғалысын көре аласыз. Оның эмоциясының айқын екені соншалықты кейде оның қорқып тұрғанын немесе қайғылы кейпін де көруге болады. Сол үшін де бұл мысықты интернет бетінде «Қайғылы Пьеро» деп те атап кеткен екен.
Бұл мысықтың түр-кескіні ғана өзгелерден ерекше емес, сонымен бірге өмірі де қиын болған. Сэмның егелері оны 1 жасында ауласынан тауып алған екен. Әдетте табылған мысықты арнайы орындарға өткізетін болса, бұл мысықтың жүректі елітіп жіберер көңіл-күйі олай жасауға ерік бермеген. Байғұс мысық аулада жылыну үшін қораптың ішіне кіріп алған екен. Содан, бұл мысықтың дала заңымен өмір сүрмегендігі, яғни бұған дейін егелері болғаны белгілі болған. Ал кейінде «тасжүрек» иесі оны көшеге тастап кеткен. Жаңа егелері мысықты мал дәрігеріне апарып, толықтай тексеру өткізген соң оны өз үйіне алыпты. Бұл үйде оған дейін тағы да екі мысық болыпты. Сэм тез арада олармен ойнап, бірге өмір сүріп кетіпті.
Қазір «Пьероның» өз жеке сайты бар. Сайтта оның келбетіне ұқсастырып жасалған сувенирлер сатылады екен. Саудадан түскен қаржының тең жартысы қаладағы үйсіз жануарларды құтқару ұйымдары мен қайырымдылық мекемелерінің есебіне аударылады екен.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: refashion.ru