Бірлік туралы күлкілі аңыз

Бірлік туралы күлкілі аңыз
Фото: e-history.kz

Ерте, ерте ертеде… ерте болғанда қалай, жетпісінші жылдары бір отбасы өмір сүріпті. Жұрт қатарлы жай отбасы емес, ошағынан оты кеткен, шаңырағынан берекесі кеткен нашар үй екен. Ал осындай жағдайға ағайындылардың алауыздығынан ұшырапты. Бірде ең кіші ұлы әкесіне келіпті:
– Әке
– Не?
– Менің ағаларым үнемі бір-бірімен ит пен мысықтай қырылысып жүреді. Әке болып ақыл айтсайшы, бір өсиет әңгімеңді айтып, жөнге салсайшы, – деп өтініш тастаған ұлына әкесі:
– Қазір-қазір, мына сериалды көріп тастайын, – деп жауап қатыпты.

Кенже бала енді тамақ пісіріп жүрген шешесіне келіпті. Әкесіне айтқан өтінішін анасынан сұрапты. Анасы барлық ұлдарын шақырып алып, мектеп кезіндегі хрестоматия пәнінен есінде қалған бір мысал айтпақшы болады. Ұлдарынан солқылдақ бір бума шыбық алып келуді сұрайды. Бірақ, ұлдары бір-біріне «сен бар, жоқ сен бар» деп отырып алады. Шарасы таусылған шешесі шыбықтарды алып келуге сыртқа өзі шығып кетеді. Сыртқа шықса бұлар Қызылқұм шөлінде өмір сүріп жатыр екен. Төңіректе шеңгелден басқа өсімдік өспейді екен.

Әбден дымы құрыған анасы асүйге қайтып кіріп, пісіргелі жатқан бір бума ұзын спагеттиді үлкен ұлына ұстатыпты. Ұстатыпты да, «Сындыр осы буманы» деп бұйырыпты. Ұлы көп күттірместен «пырт» еткізіп сындырып тастапты. Анасы, қуанып кетіп: «Рахмет, айналайын, қолғанатым менің» деп ұлының маңдайынан сүйіп, тамағын пісіруді жалғастырыпты.

patickblog.wordpress.com

@. @assel_assanova