- Негізгі бет
- Езутартар
- Бір жанның жымиюына...
Бір жанның жымиюына себепші болыңыз
Бүгін бүкіләлемдік күлімсіреу күні. 1999 жылдан бері қазан айының бірінші жұмасы күні тойланып келе жатқан бұл мерекенің пайда болу тарихының өзі қызықты.
Жиырмасыншы ғасыр ортасында өмір сүрген америкалық суретші Харви Бэлл атақты компанияның визит карточкасына символ жасап беруге тапсырыс алады. Ұзақ ойланып жатпай-ақ, қазіргі интернет желісін жаулап алған, жастар «смайлик» атап жүрген күліп тұрған сары бет бейнесін салып береді.
Бұл туынды көпшілік көңілін көншітіп, көрген кісіге күлкі сыйлап, футболка, бейсболка, сіріңке қорабы, ашықхаттар мен конверттерге де бейнелене бастайды.
Сол кезден бастап жымию күні мейрамын белгілеуді ойлайды. «Жақсылық жаса. Бір жанның жымиюына себепші бол» деген ұранмен осы керемет күнді атап өтеді.
Күні кеше халықаралық музыка күнінде әуеннің қасиеті мен құдіретін жазған болатынбыз. Күлкі де адам көңіл-күйіне, денсаулығына әсер етуі жөнінен әуеннен бір кем түспейді.
Көңіл-күйіңіз жоқ болса, өткен бір ерекше естелікті еске түсіріп, жай ғана жымисаңыз, жаныңыз жадырап сала береді. Денсаулығыңызда кінәрат болса да, ауруға алдырмай, жараға жеңдірмей, бәріне күліп қарасаңыз, тез жазыласыз.
Сізге қарсы шыққан адамды да күлкімен жеңуге болады. Біреу сізге дауыс көтерсе, пікіріңізді құптамай, өзінікі дұрыс екенін дәлелдеуге тырысып қызыл кеңірдек болса, керкілдеп керісе кеткенше, ең оңай да қарапайым тәсіл жымиюды қолданыңыз. Қарсы тараптың қарсылығын көре алмаған кісі ары қарай даурықпақ түгілі, түтігіп жеңілгенін үнсіз мойындайды.
Үнемі күліп жүретін адамның жанына жуық жүруге барлығы құштар-ақ. Жымиған жүзіңізбен жаны жайсыз жұртқа жылылық, жағымдылық жұқтырыңыз.
Таңмен таласып тұрып сұлулықты бояудан іздейтін бойжеткендерге қарағанда, жарқын жүзінен жымиыс жазылмайтын арулар әлдеқайда тартымды екенін ерлердің 80 пайызы мойындайды. Өздерін бояусыз-ақ сенімді сезіне алатын күшті жаратылыс иелері нәзік жандыларға қарағанда аз күледі екен.
Ал ғалымдар зерттеуі бойынша, әлемде 19 түрлі жымиыс бары анықталған. Күлген кезде 53 бет бұлшықетінің бесеуі ғана қозғалады. Алдыңыздағы адаммен жылы қарым-қатынас орнату үшін 0,04 секунд езу тарту жеткілікті.
Өмір сізге күліп қарағанын қаласаңыз, оған өзіңіздің жақсы көңіл-күйіңізді сыйлаңыз.
@. @assel_assanova