Бейбіт Сарыбай жақында ғана Алматыдағы 35 жасқа дейінгілер қатарында қазақша жазатын "Үздік фейсбукшы" атанды. "Ең күлкілі" деген аталым бойынша. Интернет бетінде оның көптеген әзіл-сықақ әңгімелері жүр. Бұларды жинақтап өздеріңізге ұсынып отырмыз. Күліп отырыңыз...
Агент - Шымкент, Фейсбук - Алматы, Твиттер - Астана. Бала-шағам Шымқалада, достарым - Алматыда. Астанада шаруам жоқ...
***
Сөздің қысқасы...
Серғазы шал ауылдан келген. Атын байлай салысымен тапшанға отыра кетті. Әбден қаталапты. Ештемеге зауқы жоқ. Кемпірі самауырдың шүмегімен бірге ағытылды. - Үйге соға алдың ба, балалар қалай екен? - Соқтым, жаман емес. - Е-е, тәуба. - Екөнай шауып жүр ме? - О, немең де әкешіл бола ма дейм, әпшу бермей қашқақтады. - Айтпақшы, келінді көре алдың ба? - Көрдім. Өзі шаршап келген шал әр сұраққа еріне жауап беріп отыр. - Айта отырсай,-деді кемпірі шыдамсызданып. - Нені? - Келінді? - Ой, әкеңнің... Келініңді жау алды деймісің? Жүр да кіріп-шығып. - Қай келінді айтасың? - Қай келін дейтіндей қанша келінің бар еді? Нұргүлді айтам да. - Жоқ-ей, Құдай. Ода нем бар, Анандиды айтам...
***
Зеленый базарға салат алуға барғам. Сол жерде бір бауырым өзіне тиесілі тәшкісіне көркемдеп жылтыр қағаздармен үлкен қып ЕРБАТР деп жазып қойыпты. Өз аты ғой. Шіркін-ай, Ербатыр деп жаза алғаныңда басқа нәрсемен айналысар ма едің дап армандап кеттім...
***
Серік Сәпиев: Мен биылғы жылы Олимпиада чемпионы болып, Алянс Банктегі кредитімді жауып, қалған қаржымды Сбербанкке салдым.
***
Қазақ эстрадасының бүгінгі бет-бейнесі - үш-төрт бала, екі-үш қыз... Қаптаған Квартет, триолар мен дуэттер. Қолдан келер басқа іс жоқ. Ең оңайы ән айту. "Ел таныса, хит әніміз болса, тойға шықсақ, машина алып, үй салсақ, бізді көре қалса, жұрт иегімен нұсқап, мынау ана үркер деген әнді айтатын жеті қарақшы деген топтағы Шолпан ғой десе..." Сосын сұхбат бер. "Әрине өнер нағашы атасы жағынан келген. Өз аталары да құр алақан емес. Өзі бала күнінде темір төсекке шығып алып секіріп ән айтыпты". Соны қосып есептегенде өнерде жүргеніне бес жыл. Анау күні ел танымайтын тағы бір топ құрылды. Кітап оқып көрген адам ретінде мені көмекке шақырды. Ат таппай қысылыпты. Аузыма түскенін саңқ еткізем. Не айтсам да, ондай атпен аталатын топ бар болып шығады. Құс аттары, аң аттары, жер-су аттары, ғарыш әлемі, өткен кеткен тарихымыз бәрі бар. Таң шолпанға шыққанда таң қаласың. "Бас" деген топ Ташкенттің Шеке деген қаласына барып "Қас" деген әндеріне клип түсіріп келіпті. Енді "Шаш" деген альбом шығармақ. "Өнерде жүргенімізге бес жыл болды" дейді. Танысақ ит боп кетейік. Айтып отырғаны қай өнер? Өнерде жүргенімізге дегенше, Донер жеп жүргенімізге бес жыл болды десе жарасымды. Тағы бір қыздардан құралған Сыңсыған деген топ бар. Қыңсылаған әндер айтады. Сыңсыған - Мың сыған.
***
"Біздің қоғамда ақшаны ұнтаққа емес, картон қорапқа төлеп жүрген келіншектер әлі де бар". Толығырақ: www.SU_AIT.com!
***
- Қызым, мына үлкен қонжықпен ойнай ғой. Бұны папаң маған 18-ге толғанымда сыйға тартқан. Мен бұл қонжықпен 22 жасқа толғанша 4 жыл ойнадым. Сосын біз үйленіп, сен туылдың. Енді бұл маған керек емес...
***
"Енді журналистердің түрі жаман, беті қисық болғанына әншілер кінәлі ме?" Айгүл Иманбаева. Құдай-ау, мынау журналистер қауымын тірідей қорлау ғой. Басқа-басқа осы Айгүлдей түрі бар журналист қыздар жоқ емес қой қазақта. Бар. Және жүздеп санауға келеді. Бұл жердегі бар мәселе телеарна басшыларының миының қисықтығы мен таным-түсініктерінің түрінің жамандығында шығар. Саналарына суық тиген да... Осы эфир үшін түр міндетті ме? Түріңді ұрайын деуші еді біздің ауылдағы жігіттер жыны келгенде.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: Жеке мұрағат