Ауылдан қалаға арман қуып келген жанның барлығына жаңа жер жұмақ іспетті көрінеді. Биіктен бой түзеген үйлер, мәдениетті адамдар, қомақты қаржы – мұның барлығы қарпайым пенде үшін жаңа түскен келіндей таңғалдырарлық әсер сыйлайды. Алайда, кей жандар үшін бұл жай жарнамалық ролик іспетті болып қалады. Пәтерден-пәтерге ауысып, әйтеуір "шықпа жаным, шықпаның" қамымен қаланың қасіретті өмірін көріп, ауылдағы тәтті күндерді сағынышпен еске алып отырады. Кейбір еті тірі еңбекқорлар жылдам кәсіптің көзін тауып, қаланың тұрақты тұрғындары арасына сіңісіп, қалалық атанып жатады. "Алдараспан" театры ауылдағы пәтерін сатып, Астаналық боламын деген пенденің қалай өмір сүріп жатқанын қойылым ретінде көпшілікке ұсынды. Бес баласымен алақандай үйге зәру болған жан түбінде дәл өзіндей қиналып жүрген жігітпен қаланың сыртына қарай ауысуды жөн санады.