"Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада" дегендей әрбір ата-ана өзінің тоғыз ай құрсағында көтерген баласын өмір бақи алақанында аялайды. Алайда, өсірген ұл-қыздарынан қартайғанда қарымта қандай боларын ешкім білмейді. Тұмсықтыға шоқытпаған баласының өскендегі өресі жеткен жерін бағамдау ана үшін үлкен жұмбақтың бірі. Тек, тәңірден жақсы болуын тілеуден басқа амалы жоқ. Бүгінгі таңда көкек аналардың көбеюуі мен қарттар үйіне әке-шешесін сүйрейтін жастардың көптігі қоғамның басты мәселесіне айналып отыр. Осы орайда түрлі бейнероликтер мен жақсы тәлім тәрбиесі мол дүниелер көптеп шығып жатыр. Осындай оқиғаны әзіл ретінде жеткізіп, ойды тереңнен көрсете білген "Алдараспан" театрының актерлеріне жұрттың берген бағасы жоғары. "Анаңды бағала" деп басталған көрініс, әйелінен қорқатын үш ұлының қолына алмауынан басталады.