Алдар көсенің әкесінен бата алуы

Алдар көсенің әкесінен бата алуы
Фото: YouTube

Баяғыда өткен заманда, хан Жәнібек тұүсында Қожыр деген бір кедей шал болыпты. Үш баласы болыпты. Күндерден күн өтеді, шалға кәрілік жетеді. Кәсіп етуден қалады. Ақырында, шал балаларын жинап алып:

— Жасым келді, кәрілік жетті. Сендер болсаңдар ержеттіңдер. Мал тауып, тамақ асырайтын менен әл кетті. Мал табу, тамақ іздеу енді сендерге жетті. Ай, балалар! Кәсіп етіңдер, мал табыңдар. Мені асыраңдар. Кәні, қайсың қандай кәсіппен мені асырайсыңдар, айта беріңдер, — дейді.

Сонда әрі-бері ойланып тұрып, балалары мынаны айтады:

Үлкені:

— Дұрыс айттың, ей, ата!

Егінді сүйер көңілім.

Мұнымда жоқ еш қата,

Егінмен өтсін өмірім.

Ортаншы:

— Егіннен басқа тағы да:

Көңілімде қой бақсам.

Маған берген бағы да —

Мал дегенде зар қақсам.

Кенжесі:

—  Ей, ата, мен алдасам,

Болса да, шын арбасам.

Жұрт істейтін кәсіп көп,

Алдауды мен қаласам.

Шал балаларының берген жауаптарына ырза болады.

—  Олай болса, Алла беттеріңнен жарылқасын, тұңғышым, сен жер кәсібін істе, егін сал. Ортаншым — қой бақ, малшы бол, кенжем — сенің қалағаның алдау болса, басқа кәсіпті көптің бәрі істейді, бұл бір ерекше кәсіп екен. Сенің де Алла алдыңнан жарылқасын. Алдар бол, —дейді. Қол жайып, батасын береді.

Содан үлкен баласы егіншілікке түседі, ортаншысы мал бағуға кіріседі, кенжесі алдау жолына түседі. Алдаушының тұрақты жері бар ма? Ел кезіп, жер шарлап, кете береді.

Н. Айдархан