Әкел бесті! Ишараттың шығу тарихы мен түрлері

Ерлердің білдіретін көп ишаратының бірі «Бесті әкел!» («Дай пять!») деп аталады. Бұл әрекет жас, статус, жыныс талғамайды, тіпті көшедегі бұзақылар мен ірі компанияның директорлары да «бесті әкел!» деп жатса, таңғалмаймыз. Massaget.kz бұл материалда осы ишараттың шығу тарихы мен түрлері жайында мәлімет бермек.

Шығу тарихы

«Бесті әкел!» ишараты афроамерикалықтардың мәдениетінен бастау алған. Себебі олардың әрбір іс-әрекеті мен ым-ишараты үлкен мағына беретін болған. Бұл әрекет әсіресе 1970 жылдан бастап қолданысқа енген екен, қара нәсілді спортшылар мен джаз музыканттары әрбір айтулы жағдайда қол соғыстыратын болған.

Бұл ишаратты ең бірінші болып кім көрсеткенін нақтылап айтып беру мүмкін емес, десе де Луи Армстронг пен Мэджик Джонс сияқты атақтылардың өзі авторлыққа таласқан көрінеді.  

1981 жылы «gimme five» («бесті әкел») сөз тіркесі оксфордтық ағылшын тілі сөздігіне етістік ретінде енеді.

 

«Бесті әкел!» ишарасының ресми түрде туған күні 1977 жыл делінеді. Бұл уақытта «Los Angeles Dodgers» бейсбол командасы «Houston Astros» стадионында ақтық кездесу өткізеді.

Сонда «доджерліктердің» соққы жасаушысы Дасти Бейкер отызыншы хоум-ран (Home run – бейсбол ойынындағы ең көп таралған жағдаяттардың бірі. Лақтырылған допты битамен барынша алысқа соғып жіберіп, барлық ойын базаларын айнала үлгеріп жүгіріп шығу әрекеті) жасап, жеңісті тойлау сәтінде командаласы Гленна Буркемен қол соғыстырады. Дәл осы «бесті әкел» ишараты тарихта бірінші болып тіркелген болып саналады.

«Бесті әкел» (high five) терминінің шығуы «Louisville Cardinals» баскетбол командасының ойыншысы Дерек Смиттің есімімен байланыстырылады.

Ол 1980 жылы барлық ойында жеңісті тойлау кезінде осы ишаратты қолданған. Көпшілік ишараттың тұңғыш қолданушысы Дерек деп талай газеттер де мақала жазыпты. Бірақ бұл болжам уақыт өте келе қате екені түсінікті болады.

Біздің заманда бұл ишараттың кең қолданысқа еніп кеткені соншалықты, оның әрқандай түрлері шығып, тіпті басқа да мағыналарға үстеліп жүр.

 

Сан-Диего қаласында «бесті әкел» ишараты күнін 21 сәуірде тойлайды.

«Бесті әкел» ишаратының түрлері

HIGH FIVE

Бұл ишара түрі өзінің немесе жақтасының жеңісіне құрмет көрсету түрінде қолданылады. Егер қол соғыстырғыңыз келсе алақаныңызды жазып, жоғары көтере артқа қарай шегіндіресіз. Сосын алақаныңызбен серігіңіздің алақанынан шапалақтап ұруыңыз керек. Бастысы қарсыласыңызбен бұлай жасауға болмайтынын ескеріңіз, сонымен қатар қатты ұрып, серігіңіздің қолын ауыртуға болмайды.  

LOW FIVE

Бұл да high five-тың бір түрі, тек бір ғана айырмашылығы бар. Мұнда шапалақ ұру үшін қолыңызды горизонтальды бағытта ұстайсыз. Қолыңыз кеуде немесе беліңіздің тұсында болуы тиіс.

Ең бірінші рет low five ишарасы 1927 жылы «Джаз әншісі» фильмінде көрінген. Оның бас кейіпкері Эла Джонсон Бродвейлік қойылымға шақырылған кезіндегі қуанышын серігімен қол соғыстыра тойлайды.

AIR FIVE

Бұл түр көбінде адамдар алысырақ, бірақ бір-бірін көріп тұрған кезде орындалады. Бұл ишаратты қолдану кезінде шапалақ даусын өз аузыңызбен келтірсеңіз де болады.

TOP GUN

Ишараттың бұл түрі орындалуы жағынан күрделі, десе де керемет көрінетінімен ерекше. Low және high five ишараттарының қосындысы саналады.  

Бұл атау «TOP GUN» фильмінде Том Круз бен оның досының волейбол ойындары кезінде жасаған ишаратынан соң қолданысқа енген.

FIST BUMP

Бұл да high five ишаратының бір түрі. Спорттан келген fist bump ишаратын бірінші болып 1970 жылдары «Baltimore Bullets» баскетбол командасында ойнаған Фрэд Картер орындаған. Алайда жұдырық соғыстыруды бізге танытқан әйгілі баскетболшы Майкл Джордан. Ол допты қолында жақсы ұстау үшін тальк деп аталатын ұнтақты қолына жаққан соң өзге ойыншылардың қолын ластамау үшін осылай жұдырық соғыстырған.

Бұл ишараттың мағынасы көп. Біреулер бұл арқылы досына деген құрметін көрсетсе, екіншілері жұбатуды, ал тағы басқалары сәлемдесуді де осы ишарамен білдіре береді екен.  

Жоғарыда көрсетілген 5 түрлі қол соғыстыру ишараларынан басқа да көптеген түрлері жетерлік: self-five (өз-өзіңізбен қол соғыстырасыз), very high five (қуаныш кезінде секіріп орындалатын ишара), killer five (қатты соққыға дайын емес серігіңіздің қолын салмақпен ұрып қалу әрекеті), freeze flame high five (екі адам қол соғыстыру кезінде бір сәтке тоқтап қалады да, қайтадан қозғалып ұрады).

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: livejournal.com, furfur.me