Күлкі күнінде біз өнер адамдарын алдауды жөн көрдік.
Ардақ Бәлтаев киноға түспекші
- Алло?!
- Алло, Ардақ?! Қайырлы күн!
- Иә, сәлеметсіз бе?!
- Менің атым Аружан. «Қазақфильм» киностудиясынан хабарласып тұрмын. Сізді - кастингке шақырсақ деп едік.
- Қандай кастинг?
- Белгілі режиссер Сергей Бодров жаңа фильм түсірмекші. Бейсенбі күні Алматыға арнайы келіп актерлерді өзі іріктейді.
- Сонда мен не істеуім керек?
- Келіп, режиссерге бір көрініп қайтыңыз.
- Енді мен бұрындары киноға түскен емеспін. Қалай боларын білмеймін.
- Ол жағынан қорықпай-ақ қойыңыз. Режиссердің ассистенттері сіздің суретіңізді көріп, рөлге лайық деген шешімге келді. Бодровқа ұнасаңыз, киноға түсесіз.
- Жақсы. Қашан дедіңіз кастинг?
- Бейсенбі.
- Бейсенбі?!
- Иә, бейсенбі сағат екіде келсеңіз.
- Ой, мен ол күні Павлодарға тойға барамын. Басқа күні келсем бола ма?
- Басқа күні мүмкін емес. Себебі, бейсенбі ғана Бодров Алматыда болады.
- Мен тойға келісіп қойдым. Бара алмаймын.
- Ардақ, мұндай мүмкіндік бола бермейді ғой. Оның үстіне ассистенттер сізді лайық деп танып, рөлге сырттай бекітіп қойды. Енді Бодровқа көрініп қойсаңыз болды.
- Менің тойым бар. Оның үстіне мен актер емеспін.
- Ассистенттер кино актерлерінің ішінен сізді лайық деп таныды. Киноға түсуге жақсы мүмкіндік емес пе?!
- Жақсысы жақсы ғой. Бірақ, мен дәл сол күні басқа қалаға кетемін ғой.
- Енді Бодров күнде келе бермейді Алматыға. Оның үстіне сізді лайық деп танып отыр. Тек келіп кетсеңіз болды. Той күнде болады ғой. Ал киноға түсу мүмкіндігі күнде бола бермейді
-....
- Алло?! Сіз желідесіз бе?!
- Иә, ойланып отырмын.
- Ойланатын несі бар? Бодров кез келгенді қабылдай бермейді. Сіз келсеңіз болды.
- Мен тойға келісім беріп қойып едім.
- Ал тойға бармай-ақ қойсаңыз ше, одан да кастингке келіңіз.
- Жарайды, мен тойдан бас тартайын.
- Ой, жақсы болды.
- Қайда келейін онда?
- Бейсенбі күні студияға келсеңіз. Сізге ассистенттер рөліңіз туралы айтып береді.
- Жақсы, ал қандай рөл ол? Сөздері көп пе? Не істеуім керек?
- Қорықпаңыз сөз жаттап, қиналмайсыз. Сценарий бойынша фильм соңында лифт ашылады. Сол лифт ішінде тұратын лифтер боласыз.
- Кім?!
- Лифтер
- Лифтер?! Сонда сол үшін кастингке келуім керек пе?!
- Иә, Бодровтың киносына түсесіз.
- Жоқ, мен түспеймін. Сау болыңыз!
«Арт-Дала» тобының мүшесі Дариға «Жабайы адам» болуға келісті ме?
- Иә?!
- Алло?! Бұл Дариға ма екен?
- Иә. Бұл кім?
- Менің атым Эльвира. «Медиа продакшн» компаниясынан хабарласып тұрмын.
- Қуаныштымын.
- Біздің компаниямыз шетел жұлдыздарымен жұмыс істейді. Бізге Голливудтағы «Пикчерс Синема» компаниясынан хат келіп еді.
- Содан?
- Ол хатта компания басшылықтары «Арт Дала» тобымен жұмыс істегілері келетінін айтуда.
- Бізді олар қайдан біледі?
- Ютубтан сіздердің бейнебаяндарыңызды көріпті. Енді сіздермен байланысқа шығып, съемкаға шақыруда.
- Қандай съемка? Біз не істейміз?
- Сіздер қобызда ойнап бересіздер, соны түсіріп алады.
- Ал ол қашан болады?
- Мамыр айының басында. Оңтүстік Африка елінде түсіріледі.
- Африка?! Оооо, күшті екен! Қызық. Ол жақта қалай болады съемка?
- Съемка шөлді далада болады. Костюм беріп, гриммді жасап береді. Тек сіздер жалаң аяқ жүріп келе жатып ойнайсыздар.
- Жалаң аяқ? Құмда ма?
- Иә
- Міне, қызық. Сонда не туралы ол съемка?
- Жабайы адамдар туралы ғой.
- Сонда біз жабайы адам боламыз ба?
- Иә.
- Оны мен басқа қыздарға, продюссерге айтайын. Сосын жауабын береміз.
- Жақсы, біз сіздің жауабыңызды күтеміз.
«Парасат» тобының әншісі Мейір Бәйнеш жүгіріп жүріп ән айта ала ма?
- Алло?! Бұл Мейір ме екен?
- Алло! Иә, Мейір.
- Сәлеметсіз бе?! Мен «NNN*» компаниясын хабарласып тұрмын.
- Иә
- Сіздердің топтарыңызды бүгін болатын корпоративті кешімізге шақырсақ деп едік.
- Қашан? Бүгін бе?
- Иә, бүгін кешке.
- Бүгін бара алмаймыз
- Неге?!
- Себебі, барлығымыз әр жақта жүрміз. Ертерек айту керек еді.
- Ертерек болғанда, біз Мәскеуден біраз әншілерді шақыртқан едік. Олар болса, келе алмай жатыр. Рейстері кешігіп, бізге келуге үлгермей қалуда. Содан кейін енді амалсыздан өзіміздің әншілерді жинастырып отырмыз.
- Енді ертерек айсаңыздар жөн болар еді. Біз келе алмаймыз.
- Ал сіз өзіңіз жеке айтасыз ба?
- Иә, айтамын
- Олай болса, сіз жалғыз келе аласыз ба?! Мүмкін, жеке орындауда айтарсыз.
- Жарайды, не айту керек?
- Сізге дайын мәтін беріледі. «Травиата» операсының әуеніне салып айтып беру керек.
- Жақсы. Ол қандай мәтін?
- Бүгін мереке емес пе?! Күлкі, әзіл кеші. Біз басқа департамент қызметкерлерімен әзілмен айтысатын боламыз. Мәтін соларға арналған. Шымшып алатын әзілдер ғой. Сіз біздің департаменттің атынан ән айтып бересіз. Басқаларға тиісіп, шымшып дегендей. Түсінікті ме?
- Иә, түсінікті. Ол қанша уақыт болады?
- Көп емес. Ары кетсе, 15-20 минут. Тек сіз ертерек келіп, дайындалсаңыз.
- Жақсы.
- Олай болса, сізге берер ақы бағасын білсек.
- *х*х*х*х*
- Өте жақсы, келістік. Тек біздің бір шартымыз бар.
- Қандай?
- Кеш Гаваи бағытында өтеді. Жалға алынған кеш өтетін орын осы стильде жасалынған. Күн. Жағажай. Теңіз. Пальма. Құм. Сіз сол пляжда жүрген адамша киінесіз. Шолақ шалбар киіп алып, жалаң аяқ ары-бері жүгіріп, ән айтасыз. Жақсы ма?
- Жарайды. Сол киімді өздеріңіз бересіздер ғой?
- Иә, әрине. Және тағы да сізге гримм жасалынады.
- Жақсы, келістік.
- Олай болса, мен сізге жарты сағаттан соң, хабарласып, мекен-жайды айтармын.
- Жақсы
- Сау болыңыз!
*Белгілі компания аты
Өнер адамдары қалжың екенін біліп, әзіл әрекетімізге оң көзбен қарайды деген сенімдеміз. Әзіл күні шаттыққа толы болсын!
Ізгі ниетпен: Massaget.kz