ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАНДАР, БҰЛ ЖАЗБА 1 СӘУІР КҮЛКІ КҮНІНЕ ОРАЙ ЖАЗЫЛҒАН ӘЗІЛ МАТЕРИАЛ БОЛАТЫН. СОЛ СЕБЕПТІ ЖАЗБАДАҒЫ АҚПАРАТТАРДЫҢ ШЫНДЫҚҚА ЖАНАСПАЙТЫНЫН ЕСКЕРТЕМІЗ.
Электроника әлеміндегі бітіспес қарсыластар һәм бәсекелестер саналатын қос алпауыт корпорация Apple мен Samsung бірігіп жаңа смартфон жасап шығаратынын хабарлап, дүниені дүр сілкіндірді. Бұл туралы америкалық компанияның президенті Тим Кук пен оңтүстіккореялық компанияның басшысы Ли Кун Хи бүгін таңертең Мадридте өткен халықаралық конференцияда мәлім етті.
Алайда екі басшы да өзара бәсекелес ұжымдардың неліктен мұндай қадамға барғанын ашып айтпады. Оның себебін жақын күндері компаниялардың ресми өкілдері тарқатып айтып беретін болар.
Одан бөлек, өз сөздеріне дәлел ретінде Кук пен Хи жаңа құрылғының алғашқы үлгісін көпшілік назарына ұсынды. Жаңа смартфон «Sample» деген атауға да ие болып үлгерген. Байқағандарыңыздай, құрылғының аты Samsung сөзінің алғашқы буыны мен Apple-дің соңғы буынынан құралған. Оның себебін Тим Кук жаңа өнімге бір ғана компанияның атауын таңу екінші бір өндірушіге деген құрметсіздіктің белгісі болатындығымен түсіндірді. Сондықтан ойлана келе екіжақ ақыры «Sample» атауына тоқтаған.
Өкінішке орай, бұл кеште смартфонның қосымша сипаттамаларының қандай болатыны мүлдем хабарланбады. Бір қызығы – президенттер жаңа өнімнің операциялық жүйесін жеребе тарту арқылы анықтағанын айтып қалды (бірақ қай жүйенің жолы болғаны белгісіз). Демек Sample жұмысын «алмалы» компанияның ең соңғы болып шығарған iOS 7-сі немесе Samsung Galaxy S5 моделінде орналасқан жетілдірілген Android 4.4.2 «KitKat» операциялық жүйесі атқармақ. Әзірге смартфонның көпшілік алдындағы таныстырылымының қашан және қайда болатыны туралы мәселе де жауапсыз қалды. Sample смартфонына байланысты қосымша ақпараттарды алдағы уақытта жариялайтын боламыз.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: samsung.com