1 сәуір – күлкі күні адамдар достарын, таныстарын алдап, ұзамай күлкі күні көңіл күйін көтергісі келгенін айтып, алдап соққанын мойындайды. Массагет ұжымы да оқырмандары 2016 жылы 1 сәуір күнін есте қаларлықтай өткізуі үшін, ойлана келе кастинг ұйымдастыруды ұйғарды.
Бүгін, 1 сәуір күні сағат 10:00-16:00 аралығында Массагет редакциясында кастинг өтті. Кастинг шарты бойынша, қабылданған адам Әлібек Әлмәдиевтің жаңа бейнебаянына түседі деп хабарланды. Күннің жадына мән бермеген оқырмандар бағын сынап көруге редакцияға ағылды.
Қатысушыларға бірнеше сұрақ қойылып, актерлік шеберлігі сыналды. Бейнежазбаға түсіруге келісім берген келушілер соңында алданғанын біліп, күліп алды. Ал, әзілге ренжімесе де, өзін интернеттен көргісі келмеген оқырмандар түскен кадрларын жарияламауымызды өтінді. Кастингке қатысушыларды ренжітпеудің бар амалын жасап, алдау операциясынан қысқаша үзінді ұсынамыз!
Кастингке қатысуға жігіттерге қарағанда қыздар көп келді. Осы жайдан жігіттер тартыншақ әрі істі құнттамайтын қасиетке ие екеніне куә болдық. Ал қыздар барлығы бірдей клипте сүйісуге келіспегеніне қарап, қазақта ар-намысын қаймағы бұзылмаған қалпында сақтаған қарапайым қыз көп екеніне риза болдық.
P.S.: Кастингке келген үміткерлерге айтарымыз – тек қана алғыс! Әзіл түсініп, өкпе-реніш білдірмей, бар шартымызға көнгендеріңізге рақмет! Алдағы уақытта, түсірілімдер болса, міндетті түрде сіздерді шақырамыз. Үлкен жобаларға әртістер керек болса, үнемі есте жүресіздер. Армандарыңызға абыроймен жеткейсіздер!