1 сәуір байқауының нәтижесі

Құрметті оқырмандар, кешегі 1 сәуір күлкі күніне орай біздің ұжым шағын конкурс өткізген болатын. Күлкі күні Массагет редакциясының контент-менеджерлері сіздер үшін әзіл материалдар дайындап, жариялаған еді.

Бір қызығы, Массагет сайтында жарияланған осы әзіл материалдарды көптеген қазақ сайттары көшіріп басып, хабар таратыпты. Осылайша, біз тек оқырмандарымыздың ғана емес, БАҚ өкілдерінің де көңілін көтергенге ұқсаймыз.

Кешке таман сайт оқырмандарына 1 сәуір күні жарияланған әзіл жазбаларды табу ұсынылып, жеңімпазға сыйлығымыздың бар екендігін айтқан едік.

Олай болса, байқау нәтижесін ұсынамыз. Бірінші сәуір күні әзіл ретінде жарияланған материалдар мыналар:

ҰБТ-да түлектер 8 пәннен тест тапсырады Массагет Хантәңірі шыңына туын тікті! Андрей Шевченко Алматыға келді Депутат кәмелеттік жасты 21-ге ауыстыруды ұсынды Насыбай ұлттық өнімге айналмақ Apple мен Samsung бірігіп жаңа смартфон жасап шығармақ 7 өтірік материалды тап!

 

Бұл тізімге соңғы жазылған 7 өтірік материалды тап! жазбасының қосылуының себебі, бұл материалға дейін 7 емес, 6 әзіл жазба жарияланған болатын. Сол себепті, жетінші 7 өтірік материалды тап! жазбасы да өтірік болып есептеледі.

Өкінішке орай, бұл жұмбақтың шешімін ешқандай қолданушы таба алмады. Дегенмен көңіл-күйіміз көтеріңкі болсын. Массагет сайты ардақты оқырмандарымыз үшін осы көктемде бұдан бөлек ірі конкурс ұйымдастырады. 

Олай болса, көктем мерекесімен тағы құттықтай отырып, барлық оқырманымызға зор денсаулық тілейміз!

Құрметпен: Массагет ұжымы