- Негізгі бет
- Expo 2017
- Сутекті локомотивтің экологияға...
Сутекті локомотивтің экологияға зияны жоқ
Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіндегі Латвия павильонында сутекті жанармай ретінде пайдаланатын локомотивпен таныса аласыз. Локомотив сутекті конденсатормен жабдықталған.
Осыған дейін Латвиядағы жүк тасымалдау транспорттары дизельді жанармайды пайдаланған. Жаңартылған локомотив бірнеше артықшылыққа ие. Транспорт қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Қозғалыс барысында ешқандай шу шығармайды.
"Латвия темір жолы" компаниясы директорының орынбасары Айнис Стурманистің айтуынша, бұл жоба канадалық мамандардың қатысуымен жүзеге асырылған. Локомотив қозғалысқа енуі үшін сутектің көмегімен энергия өндіріледі. Ал энергия моторды іске қосады.
"Біз Еуропамен бірге дамуды мақсат еттік. Сондықтан барынша "жасыл энергия" принципін ұстанбақпыз. Болашақта қаржыландырылатын жобалардың басым бөлігі қоршаған ортаға зиян келтірмейтін деңгейде болуы керек",– дейді Стурманис мырза.
Латвия павильонында виртуалды шындық аппаратының көмегімен Балтық бойындағы елдің табиғатына
саяхат жасап, таныса аласыздар
Ресми ақпаратқа орай, локомотив толық жанармаймен 20 шақырымға дейін барады. Транспорт қуаты келесі бес жылда тәжірибе жүзінде артып отырады.
Қазіргі таңда, бұл жоба тәжірибе жүзінде сынақтан өтіп үлгерген жоқ. Тек теория жүзінде ғана бар. Десе де, оның мүмкіндіктері жасыл экономиканың дамуына өзіндік үлес қоса алады.
Ж. Өрісбай