- Негізгі бет
- Expo 2017
- Сауд Арабиясы мұнайға...
Сауд Арабиясы мұнайға тәуелділіктен арылуды көздеп отыр
Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне келген Сауд Арабиясы делегациясы баламалы энергияның көзі ретінде күн панельтерінің смарт үлгісін ұсынып отыр. Энергетикалық ресурстарын ең көп экспорттайтын елден көрмеге келген мамандар баламалы энергияның болашағы орасан зор екенін айтады. Себебі жақын болашақта мұнайдың сарқылатыны белгілі.
Араб түбегіндегі алып елдің басым бөлігі шөлді аймақ болғаннан кейін күн энергиясын пайдалану тиімді. Сондықтан Сауд Арабиясындағы баламалы энергияны өндірумен айналысатын KAUST зерттеу университетінің мамандары айналысып жатыр.
Бүгінде Сауд Арабиясында энергия тапшылығы жоқ. Десе де, баламалы энергияны артығымен өндіріп, шетелге экспорттау жоспарланған. Қазіргі таңда елдің оңтүстігінде 4,3 шаршы шақырым аймаққа күн панельдерін орналастыру жүргізіліп жатыр. Дәл осындай көлемдегі жобалар әр қала немесе қалашықтардың алдында салынып, сол аймақты энергиямен қамтамасыз етуі тиіс.
Сауд Арабиясы 2030 жылға дейін өз территориясының шөлді аймақтарындағы қалаларына жақын аймақта
осындай күн панельдерінің станциясын құруды жоспарлап отыр
Арабия түбегі үш жақтан сумен қоршалғандықтан, теңізден есетін желді энергия өндіру мақсатына бағыттауға болады. Мысалы Сауд Арабиясының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Үнді мұхитынан есетін желдің жылдамдығы секундына 20-25 метрге дейін жетеді. Сонымен қатар, мұхит желінің ең төмен жылдамдығы 12-14 метр (жаз маусымында) болып, ең жоғарғысы 35-37 метрге (қыс маусымында) дейін жетеді. Мұндай сарқылмайтын ресурстан бір орта көлемдегі станциядан сағатына 3000 КВт энергия өндіру мүмкіндігі бар. Сауд Арабиясы осы мүддені алға тартып отыр.
KAUST инженерлері Wind Atlas жобасын жүзеге асыруды бастады. Осы жобаға орай, Сауд Арабиясы 2030 жылға қарай толығымен баламалы энергия көзіне өтуді жоспарлап отыр. Мамандардың айтуынша, қыс кезінде оңтүстік-шығыс аймақтан Сауд Арабиясына қарай есетін желдер бір ортаға ұйысады. Алдағы 10 жылда сол аймақтарға жел трубиналарын орналастыру іске асырылады.
Әрбір күн панеліне смарт құрылғы орнатылады. Ол панельдің беткі жағын күннің
айналу траекториясына қарай бұрып отырады
Болашақта пайда болатын барлық инновациялық жоба электр энергиясына бағытталатынын ескерсек, Сауд Арабиясы тиімді жол таңдағанын көреміз. Мұнай қоры келесі 10-20 жылға жетуі мүмкін. Дегенмен, әлемдегі өзге елдер мұнайға деген тәуелділігінен одан ерте арылуы мүмкін. Сол кезде дамудың өзге жолы баламалы энергия көздері болмақ.
Ресми ақпаратқа орай, бұл жобалардың толық тәжірибе жүзіндегі нұсқалары 2020 жылы Дубайда өтетін халықаралық ЭКСПО көрмесінде таныстырылады.
Ж. Өрісбай