- Негізгі бет
- Expo 2017
- Өзбектердің футуристік көлігі...
Өзбектердің футуристік көлігі 2022 жылы сатылымға шығады
Өзбекстан Орта Азия елдері ішінде көлік құрастыру саласында жетекші орында болғандықтан, Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне екі көліктің концептісін алып келген.
Ресми ақпаратқа орай, Өзбекстан ЭКСПО басталмай тұрып, француздың Peugeot-Citroën автоконцернімен келісімге келген. Олар жаңа көлік жобасын жасауды ұйғарып отыр. Осы жоба аясында өзбектер Ravon брендімен отандық көліктерін экспорттамақ.
"Өзбекстан бүгінде бензин және тығыздалған табиғи газ негізінде қозғалатын көліктерді құрастырады. Болашақта электромобильдерді де игеруді ниет етіп отырмыз. Осы мақсатпен алғашқы электрлі көліктің концептісін жасадық. Ал электромобильдің коммерциялық нұсқасы алдағы 5-6 жылда дайын болады",– дейді Өзбекстан павильоны комиссарының көмекшісі Маруф Рахимов.
Автокөлік құрастырушылары Астанада электрлі көліктерді трендке айналдыру
әзірге мүмкін емес дейді. Себебі суықта батарея қуатын тез жоғалтады.
Рахимов мырзаның айтуынша, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде тұрған электромобильдің алғашқы макетін Ташкенттегі Турин политехникалық университетінің студенттері дайындаған. Ол әзірге тек концепт күйінде қалып отыр. Бірақ аталған университет студенттері электр энергиясымен жүретін көлік құрастырған. Оны көлік деп атауға келмейді. Десе де, өзбектердің алғашқы электромобилі болып танылуда.
Жартылай гибридті көлік
Одан бөлек, Өзбекстан павильонында ішкі құрылымы өзгеше тағы бір көлік қойылған. Ол қазір сатылымда бар Матиз көлігінің құрылымдық моделі негізіне өзгертулер енгізу арқылы жасалып отыр. Көлікке гидролизді жүйе енгізілген.
Судан сутекті бөліп, оны жандыру арқылы бензин үнемдеу принципін ұсынатын көлік келесі жылы сатылымға шығарылады.
Аталған жүйе арқылы өтетін судан сутек бөлінеді. Ал бөлінген газ моторға бағытталып, бензинмен бірге жанады. Көліктің стандартты моделі 100 шақырымға 6 литр жұмсайтын болса, сутектің көмегімен шығын 4,5 литрге дейін төмендейді.
"Бұл көлікті әзірге толықтай гибридті деп атауға келмейді. Себебі сутекті жинақтайтын арнайы көлік бөлшегі орналастырылмаған. Судан сутекті бөлетін генератор тек қозғалыс кезінде іске түсіп, бөлінген сутекті бірден моторға жібереді. Сутектің өзін жеке жинақтау әзірге қауіпті болып отыр",– дейді Маруф Рахимов.
Павильон мамандарының айтуынша, жартылай гибридті көлік жылдың соңына дейін тестілеуден өтеді. Тест нәтижелері оң болса, көлік келесі жылдың басынан жаппай сатылымға шығуы тиіс.
Ж. Өрісбай