- Негізгі бет
- Expo 2017
- Мысыр энергияны қалай...
Мысыр энергияны қалай өндіреді?
Астана қаласында өтіп жатқан халықаралық көрмеде кейбір елдер баламалы энергияны өндіруге байланысты нақты жобалары болмаса да, электр энергиясын өндіруге бағытталған жоспарларымен бөліскен. Солардың бірі - Мысыр елі.
Африка құрлығының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Мысыр елінде энергия тапшылығы жоқ. Ел үкіметі жақын болғашақта электр энергиясын керегінен артық өндіріп, көрші елдерге экспорттауды жоспарлап отыр. Ол үшін үкімет пен шетелдік инвесторлар тарапынан 70 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы топтастырылған.
"$70 000 000 000 инвестицияға Мысырдың шығыс бөлігінде жел трубиналарын, ал оңтүстік-батыс бөлігінде күн панельдерін орналастыру басталды. Жоспарға орай, құрылыс жұмыстары 2022 жылға дейін жалғасады",– дейді Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіндегі Мысыр павильонының директоры Ахмед Хасан.
Павильонға келушілер Мысырдың баламалы энергияны өндірудің жолы емес, оның терең тарихы туралы
мәліметтерге қызығушылығы көбірек болды
Хасан мырзаның айтуынша, Мысыр елі жел трубиналары және күн панельдерінің көмегімен энергия өндіру үшін өте қолайлы геолокацияға ие. Бұл шетелден инвестиция тартуда да өзекті рөл ойнап отыр. Айта кетсек, қазіргі таңда Мысырда сағатына 6850 МВт энергия өндіретін жел трубиналары, 2880 МВт энергиямен қамтамасыз ететін күн панельдері мен 2800 МВт беретін су электр станциялары жұмыс істейді.
"Мысыр дамушы елдердің қатарында болғандықтан, біз әзірге зерттеу жұмыстарына көп қаржы бөлмей, әлемдегі бар тәжірибе арқылы, электр энергиясын өндірудің альтернативті түрлерін қолданып жатырмыз. Болашақта зерттеу жұмыстарына да міндетті түрде көңіл бөлуге тырысамыз",– дейді Хасан мырза.
Ж. Өрісбай