- Негізгі бет
- Expo 2017
- М.Әуезов атындағы драма...
М.Әуезов атындағы драма театрының «ЭКСПО-2017» көрмесі аясындағы репертуары
Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры 18-26 маусым аралығындағы өнер көрсетеді.
Қойылымдар Астана опера және балет театры мен Астана Жастар театрының сахнасында өтеді.
18 маусым, басталуы сағат 18:00 Р.Отарбаев «Бейбарыс Сұлтан» (режиссер: Ю.Ханинго-Бекназар).
Дешті қыпшақ ұланы, он жасында жетім қалып, құлдыққа өзге елге сатылып кеткен Сұлтан аз-Захир Бейбарыс (1223-1277) – қатардағы құлдан Мысыр елінің ойлы да кемеңгер билеушісі дәрежесіне дейін көтерілген, тағдыры өте күрделі, қарама-қайшылықты тұлға. Қаншалықты биік атақ-даңқ пен аса зор билік әлеуетіне ие болса да, Бейбарыс бабамыздың жүрегін мәңгілік бір сағыныш сыздатып өткен. Туған ел-жеріне, сайын даласына, жусанның ашқылтым иісіне деген сол сағыныш – спектакльдің де негізгі лейтмотиві. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді халық бекер айтпаса керек…
19 маусым, басталуы сағат 19.00 Н.Келімбетов «Үміт үзгім келмейді» (режиссер: Е.Обаев, Т.Аралбай)
Оқиғасы аурухана палатасында өтетін драманың бас кейіпкері, бүгінде жасы жетпісті алқымдаған Мейірбек бақыт туралы, өмірдің мәні туралы ойға шомады. Оның жақын достарымен өзара пікірталас-ой таратуларынан өзіндік дүниетанымдары, өмір ұстанымдары айқын танылады. Дәулет – жан дәулетімен, Асылхан – туған топырақтан ажырамаған хандығымен, Мейірбек – құдайдың өзі өлшеп берген азды-көпті өміріне ырзашылығы, қанағатымен дараланады. Достардың арасында өмірлік жолын, бәлкім, дұрыс таңдамаған Советбектің өкініші көп… Драмада адамгершілік, имандылық мәселелері көтеріледі.
20 маусым, басталуы сағат 19.00 М.Әуезов «Абай» (режиссер: Е.Обаев).
Ұлы Абай… Шығармашылық тұлғасы өз алдына, ел ортасындағы, өз шәкірттері ортасындағы жақсыны көре-тани білген, ғашықтықты бағалай, әр шәкіртіне нағыз ұстаз бола білген адами тыныс-тіршілігі, сонымен қатар зұлымдықпен алысқан соқтықпалы, соқпақты өмірі. Жаңа заманның, өркениеттің бастауы болған, қоғамдық сананың ілгерілеуіне қызмет еткен Абай болмысы. Қойылымда ұлы ақын шығармашылығының композиторлық қыры да ашыла түседі.
21 маусым, басталуы сағат 19.00 М.Омарова «Көмбе нанның дәмі» (режиссер: А.Кәкішова)
Қойылым түрлі тарихи жағдайда Қазақстанға жер аударылған ұлттардың тағдырын арқау еткен. Сол сұрқай замандағы адам тағдырын көрсете отырып, досқа құшағы ашық, мейірімі мен қайырымы мол қазақ халқының мәртебесін көтереді. Тарихты негіз еткен қойылымның айтар ойы – кешегі қиын күндер арқылы бүгінгі тыныштық пен берекенің нарқын білуге, бағалауға шақырады.
22 маусым, басталуы сағат 19.00 Ғ.Есім «Таңсұлу» (режиссері: А.Кәкішова)
«Ел болам десең бесігіңді түзе». Қыз өсіруге ерекше мән берген қазақ үшін осы ұғым – қағида. Толықсып бойжетіп, өз теңіне ұзатылғалы отырған, атына заты сай Таңсұлудың тағдыры ғасырлар бойғы қазақ қыздарының еншісі. Тұтқынға түскен ару, көз құрты болған сұлулығын өз еркімен тәрк етеді. Ұрпағын аман сақтап, махаббатына да қылаң түсірмейді. Қанша қиын күн туса да мойымай, ұлына бабалар рухын жырлайды. …Өзінің мұндай талайлы тағдырын он жасында түсінде көрген Таңсұлу – Ұлы Даланың жазылмаған заңы – тектілік пен намыстың символы десе болады.
23 маусым, басталуы сағат 19.00 Ғ.Мүсірепов«Қыз Жібек» (режиссер: Е.Нұрсұлтан)
"Қыз Жібек" эпосын махаббат гимні деудің әбден жөні бар. Оның нағыз көркем туындыға айналу процесі жүріп жатқан кезде, яғни ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ қоғамында жеке бастың, сезімнің бостандығы, махаббат еркіндігі туралы мәселе мұндай деңгейде ашық айтыла бермеген, ескі рулық заманның неке мен отбасына қатысты ежеқабыл, қалыңмал, көп әйел алу, әмеңгерлік сияқты салттары үстем болған. Солай бола тұрса да, "Қыз Жібек" жырының шығуы сол дәуірдің өзінде-ақ халықтың идеал туралы эстетикалық пайым-түсінігінде белгілі бір дәрежеде өзгеріс болғанын айғақтайды. Төлегеннің де, Жібектің де өзіне лайық жар іздеуі, сүйіспеншілікпен үйленуді көздеуі – сол кезеңдегі жастардың ойында, көкірегінде жүрген арманын, мұңын, тілегін аңғартады. Жырдың ел арасында кең тарауының бір себебі осы болса керек.
24 маусым, басталуы сағат 19.00 Ғ.Мүсірепов «Махаббат дастаны» (режиссер: Қ.Сүгірбеков)
1940 жылдан бері театр сахнасынан түспеген бұл қойылымда жастардың сүйіп қосылуды арман еткен тілек-мүдделері қамтылады.
25 маусым, басталуы сағат 19.00 Иран-Ғайып «Қорқыттың көрі» (режиссер: Й.Вайткус)
…«Қорқыттың Көрі» – Қорқыт-Бабамыздың запырандай ащы аңыз-өміріне арнап қойылған Сахналық Түйсіктің Бейне-Тұжырымы.
«Қорқыттың Көрі» – өркениеттің, мәдениеттің, өнердің, күйдің – Қасиетті де киелі рухани ұғымның – Жаназа-Реквиемі.
Қойылым оқиғасы – Расул (Мұхамед) Пайғамбар заманына жақын тұста (VII-VIII ғасырда) Баят (Сырдария өзені) бойында өтеді.
Қорқыт – Бүкіл Шығыс Өркениеті іргетасын қалаушылардың ішіндегі ең айтулы Тұлға.
26 маусым, басталуы сағат 19.00 Р.Отарбаев «Бейбарыс Сұлтан» (режиссер: Ю.Ханинго-Бекназар).
Дешті қыпшақ ұланы, он жасында жетім қалып, құлдыққа өзге елге сатылып кеткен Сұлтан аз-Захир Бейбарыс (1223-1277) – қатардағы құлдан Мысыр елінің ойлы да кемеңгер билеушісі дәрежесіне дейін көтерілген тағдыры өте күрделі, қарама-қайшылықты тұлға. Қаншалықты биік атақ-даңқ пен аса зор билік әлеуетіне ие болса да Бейбарыс бабамыздың жүрегін мәңгілік бір сағыныш сыздатып өткен. Туған ел-жеріне, сайын даласына, жусанның ашқылтым иісіне деген сол сағыныш – спектакльдің де негізгі лейтмотиві. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді халық бекер айтпаса керек…
А. Оралқызы