Қала-мемлекет принципіндегі құрылымға ие Люксембург табиғи ресурстарға бай ел емес. Сондықтан өз өндірісіне қажет шикізатты импорттайды. Ал болашақта олардың орнын баламалы энергия көзімен ауыстырып, импортқа тәуелділіктен толықтай арылуды жоспарлап отыр.
Астанада өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысып жатқан Люксембург елінің өкілдері алыс болашаққа жоспарланған ғарыш нысандарынан табиғи ресурстарды игеру жүйесі туралы жобаларын таныстыруды жалғастырып жатыр. Ендеше ретімен тоқталып өтсек.
Ғарыш ресурстары
Люксембург үкіметі жанында құрылған Société Européenne des Satellites (SES) ғарыш агенттігі америкалық миллиардер Элон Масктің SpaceX компаниясы инженерлерімен бірігіп, Space Resources жобасын іске асыра бастаған. Бұл жоба аясында ғаламшарға жақын ғарыш нысандарынан табиғи ресурстар мен қолдануға болатын суды игеру үдерісі қолға алынады.
World Bank ұсынған статистикалық мәліметке орай, 2050 жылы Жер тұрғындарының саны 10 миллиардқа жетеді. Қазірдің өзінде ғаламшарымыздың кейбір аймақтарында су тапшылығы бар. Ал белгіленген жылға қарай сұраныс деңгейі әлдеқайда өсетіні анық. Одан бөлек, Еуропаның қоршаған ортаны қорғау агенттігінің (EEA) мәліметіне орай, әр ғасырда әлемдегі орташа температура 2 градусқа жоғарылап келеді. Демек жаһандық жылыну үдерісі болып жатыр. Бұл да суға деген сұраныстың еселеп артуына себеп болады.
Люксембургтің ғарыш жобасының басты мақсаты су ресурстарын табу болғандықтан, SES Жердің табиғи серігі Айды зерттеумен айналысатын агенттіктермен тығыз байланыс жасап жатыр. Олар NASA ғарыш агенттігінің LCROSS жобасы аясындағы Lunar Reconnaissance Orbiter миссиясы мен Үндістанның Chandrayaan-1 зымыранының тәжірибесін өз мақсатында қолданып жатыр.
Жапон Hyabusa аппаратының Itokawa астероидін толықтай зерттеп, Жерге қайтып келе жатқан кезі
Одан бөлек, Люксембург үкіметі Жерге жақын ұшатын астероидтардағы мұздардан су алу жүйесін жапондармен бірігіп жасауды бастап жіберген. Олар Itokawa астероидынан 1500 грамм минералды өнім алып келген жапон Hyabusa (“Peregrine Falcon”) зымыранының тәжірибесін қолданбақ.
Ресми ақпаратқа орай, Айға ұшырылатын алғашқы зымыран 2020-жылдардың басында сынақтан өткізіледі. Ал астероидтардағы ресурстарды игеру 2040 жылдан бастап іс жүзінде жүзеге асырылады.